Құрметті азаматқа құрмет

Астана күні мерекесі өңіріміз үшін маңызды оқиғаларға толы. Облыс орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қаласының құрметті азаматы, аймағымыздың даму жолында ұзақ жылдар аудандық, облыстық партия қызметтерінде және ішкі істер органы саласында аянбай еңбек еткен Сейітжапар Сейтаевтың құрметіне 1996-2001 жылдары өзі тұрған 1 Май көшесіндегі үйдің қабырғасында мемориалдық ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты өтті. Жиынға ардагерлер кеңесі ұйымы өкілдері, майдангерлер, облысымызға белгілі азаматтар мен қайраткердің туыстары шақырылды. Айта кетейік, бұл мемориалдық тақтаны орнатуға «Қонаев» қоры төрағасының орынбасары Иосиф Төлебаев зор еңбек сіңірген екен.
Сейітжапар Сейтайұлы 1925 жылы 5 қарашада Қостанай облысы Қамысты ауданының Қоянды ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 8 сыныпты бітіріп, Меңдіқара педучилищесінің жанындағы 6 айлық курстарына жіберілді. Курсты аяқтағаннан кейін бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істей бастапты. 1943 жылы ақпанда Кеңес Әскері қатарына шақырылып, Түмен қаласының Паленск жаяу әскер училищесіне жіберіледі. 1943 жылдың күзінде жаңадан құрылған 14-ші десанттық бригадаға жіберілді. 3-ші Украина майданының қатарында Балатон көлі аймағында Қызыл Армияның ірі қорғаныс операциясына қатысқан жауынгер. Жеңісті Чехословакияның Табор қаласының маңында қарсы алған. Майдандағы батылдығы үшін 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
– Сейітжапар екеуіміз бір елдің азаматымыз әрі түйдей құрдаспыз. Соғысқа да бір жылы аттандық. Ол 1946 жылы маусымда Кеңес Армиясы қатарынан босатылды. Сол жылы Жітіқара аудандық атқару комитетінің аға инспекторы лауазымына жұмысқа қабылданды. 1947 жылы аудандық комсомол комитетінің 2-хатшысы болып сайланды. 1950 жылы Алматыдағы жоғарғы партия мектебін бітірген соң насихаттау жөніндегі хатшы, кейін Қостанай облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Секең өмірінде екі рет майдан даласын көрді: бірі – қанды майдан, екіншісі – бейбіт күнде болған тыңдағы майдан. Комсомолда, партиялық-кеңестік органдардың басшы лауазымдарда жұмыс істей жүріп, тың жерлерді игеруге, совхоздар мен колхоздардың қалыптасуына белсенді қатысты. Мен Жітіқара жерінде мұғалімдік жұмыс атқарып жүрген шағымда ауданнан мені арнайы іздеп келіп, айтысқа жіберген де – Сейітжапар болатын. Марқұм дүниеден өткенше бір-бірімізбен жақсы сыйластық, – деді өткен күндерді еске алған ақын, жыршы, майдангер ақсақалымыз, Қостанай облысының құрметті азаматы, Сейітжапар Сейтайұлының жерлесі әрі замандасы Қасымхан Алдабергенов.
Өткен ғасырдың елуінші жылдардағы үлкен науқанда «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен екі рет марапатталған Сейітжапар Сейтаев 1969 жылы Қостанай облыстық ІІБ органына саяси бөлім бастығы қызметіне шақырылады. Кеңес милициясының қатарында он жыл бойы жауапты әрі маңызды жұмыс істеген ол ұжымның құрметі мен беделіне ие болды – нәтижесінде полковник шенінде құрметті демалысқа кетті. Жан жары Күләй Елубайқызы екеуі 4 ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан немере-шөберелері өсіп келеді.
– Сейітжапар Сейтайұлы зейнеткерлікке шықса да, үйде отырған жоқ. Қостанай қаласының қоғамдық өміріне белсене араласты. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, бірнеше рет қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. Соғыстан оралмаған боздақтардың есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында естелік кітап шығару жөніндегі редакциялық алқа мүшесі болды. Ал марқұмның ұрпақтары облыстық полиция департаментінің музейіне ол кісінің жеке заттарын сақтауға береді деп сенемін, – деді Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Раушан Байсарина.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓