Үлгілі отбасылар ұлықталды
Лисаков қаласында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсының қалалық кезеңінің қорытындылары шығарылды.
Лисаков қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Саят Жүсіпов конкурсқа қатысушыларды құттықтай отырып, байқаудың жоғары қоғамдық және рухани-адамгершілік маңызы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, байқаудың басты міндеттері отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы институтының мәртебесін арттыру болып табылады.
«Баршаңызды осы тамаша байқауға белсенді қатысқаны үшін шын жүректен құттықтаймын және алғыс айтамын. Сіздерге алдағы уақытта табыс және отбасылық амандық тілеймін!»,- деді ол құттықтау сөзінде.
«Мерейлі отбасы» қалалық кезеңіне бес лисаковтық отбасы қатысты. Олар – Ашухановтар, Янчук, Футман, Кан және Сарғалдақовтар.
Осылайша, комиссия шешімімен Кан отбасы ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы болып танылды. Афанасий мен Эльвира Кан 1993 жылдың қазан айында отбасын құрған. Кейін ерлі-зайыптылардың ұлы Никита және қызы Анита дүниеге келді.
«Отбасымыздың отбасылық дәстүрлері бізге бірлік пен сенімділік, сыйластық сезімді нығайта түседі. Біздің отбасымыздың маңызды дәстүрлерінің бірі – бәріміз бірге жиналып, кез-келген отбасылық мәселелерді дастархан басында отырып шешу. Бұл біз үшін шын мәнінде өмірдегі маңызды сәттер», – деп атап өтті отбасы мүшелері.
Байқаудың барлық қатысушылары грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал Кан отбасы естелік сыйлықпен қоса, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2013 жылы құрылған болатын. Байқауды өткізудің мақсаты отбасы институтын нығайту, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін, балалардың қарт ата-аналарына қамқор болуын арттыру болып табылады.
Лисаков қаласы.