Ақкіс
Қыдырғалидың қыздарының күшік керек деп қыңқылдағандарына бір аптадан асты. Егіс-тікке таңның бозынан кетіп қас қарая бір-ақ келетін оның ештеңеге уақыты да қалмайды. Апалары Гүлзираның да уақыты жоқ, мектептің жұмысы бітпейді, толып жатқан қағаздары бар, үйге келген соң шұқшиып компьютердің алдында отырып бірдеңе басып отырады. Үйелмелі-сүйелмелі Дана мен Гүлшаттың бірі биыл бесте, екіншісі алтыда. Қарама-қарсы үйде тұратын Қанаттың жон арқасы көкшулан, өзі сары, сүйкімді күшігі бар. Мойнына әшекейлі қарғы тағып қойыпты, асыл тұқымды көрінеді. Шәу-шәу үрген сайын Дана мен Гүлшаттың көкейлерін қызғаныштың қызыл иті тырналайды. Бүгін Дана тіптен шектен шықты. Жол-жөнекей "мыналарға көрсетер рұқсат қағазым жоқ, "пара" берейін" деп ойыншығын қолына алып есіктен кіре бергені сол еді бірі қуана құшақ жайып етегінен итше тартқылап жұлмаласа, екіншісі:
– Папа, күшік! Күшік қайда? Әкелдің бе? – деп тұр. Соғыс уақытында далада күні бойы жұмыс істеп одан соң үйге бос бармайын деп етегіне салып масақ теріп әбден жаурап жол-жөнекей жинаған бір құшақ бұтағын құшақтап үйге кірген әжесін үйдегі шиеттей төрт-бес бала "мама, нан!" деп шу етіп қарсы алады екен, сол есіне түсті. Соны ара-тұра айтып отыратын, тәубеге келсін дейді ме екен. "Міне, саған тигір, саған күшік" деп екеуіне екі жұмсақ ойыншықты ұстата салып алшаң басып төрге озған. Гүлшат "Ура! Тигір, тигір, әдемі ақ тигірдің баласы, міне қараңдар!" деп секеңдей билеп жүр. Отты көзбен әкесіне салқын қараған Дана болса еденді бір теуіп қалып:
– Жаман! Керек емес! Маған күшік керек, күшік. Бір ай болды, неге алдайсың? Неге маған шын күшік сатып әкелмейсің, маған шүберек ит керек емес! – деп шыңғыра бақырып жіберді.
– Үйде қара қасқа төбет Рекс бар ғой, керегі не? Айтшы не қыласың оны, а?
– Керек. Үйретемін, ол сосын айтқанды ұғатын, тіл алатын ит болып өседі.
– Қойшы осы. Бұл өзі адамдардың үйі ме ит-мысықтың үйшігі ме, не болып кетті өзі: үш мысық, бір ит бар, жетпейді ме солар? Ашулана бастады. Енді ше. Жуынып-шайынып асын ішіп, кино қарап жата қалам ба десе мынаның қорлығы өтіп болды. Алпамсадай қара күш иелерінен, қараңғы түннен қорықпаған, жүрегі шайлықпаған басы мына күшіктерді көргенде жын көрген иттей болады.
Дана қасарысып алыпты: өліспей берісер түрі жоқ. Бірбеткейлік қайдан келген. Өтініш дегенді біле бермейді, мұныкі бұйрық: алып кел, тауып кел, шауып кел деген.
– Сен өзің қатты адамсың. Қойды да аямайсың бауыздай саласың, құстарды да ата саласың, мысықты саршұнақ дейсің, итті күзен деп жек көресің. Кішкентай кезіңде де сондай болдың ба не, адам емес – тас пен темірден соғылған ескерткіш!Алла, алла! Мынау мынаны қайдан үйреніп алған? Кесек-кесек сөйлеуін, мынау өзі адамды адам көрмейді ғой өзі.
– Дана, сен неменеге тұрсың, жүр, ана заттарды жина! Гүлшат қана шашпаған шығар. Тез! Гүлзира қайтадан ас үйге кіріп кетті.
– Қайдан үйренгенсің бұлай данышпансып сөйлеуді, айтшы?
– Қайдан болса содан. Оны қайтесің? Әуелі айт, қашан әкелесің әдемі күшікті?
– Мынаның есепшілін-ай. Жарайды, ертең әкеп берем. Ауыл шетіндегі Жәнібектерде бар екен, ертең алам дегем, – деп құтылды.
– Сарысын алатын бол. Мен тас пен темірден соғылған ескерткіш дегенді Жеңістің мамасынан естідім, ол Жеңістің папасына солай деді, өйткені ол сөз ұқпайды, ұмытып қалдым деп алдайды деді.
– Былай қыламыз: сен екіншілей олай сөйлемейсің, ал мен саған ертең күшік әкелем.
– Па, сенде кішкентай кезіңде әдемі күшік, мәулен болды ма? Тіл алатын, түрі әдемі. Дана иненің көзінен өтетін жібекке айнала бастады. Сәл ойланып есінде қалған бірдеңелерді ой елегінен өткізді. Мынаған қазір айтып құтылмаса күн көрсетер түрі жоқ. Мазаң.
– Болатын. Тыңда. Ит емес, мысықты жақсы көретінмін. Үйде бір жылы алтыларда болуым керек, үш мәулені бар мысық болды. Екеуін таратып жібердік, бір ең әдемісі үйде қалды. Келгендердің бәрінің көзі оған түсіп "қандай әдемі еді, сиам мысығы ма, асыл тұқымды ма" деп таң қалатын. Өзі ақ, жон арқасы мен сирақтарында, бетінде жолбарыстыкіндей қара сұр, тарғыл өрнектері бар болатын. Құлақтарының ұштары қара сұр, құйрығы қара ала еді. Ал кішкене, жұмсақ табандары қап-қара болатын. Мұрты бар екі ұрты шұрық-шұрық, қара теңбілдері бар, көздері кейде сұрғылт, кейде көкшіл болып өзгеріп тұратын. Түрінің ерекшелігіне орай атын Ақкіс деп қойдық. Бастысы ақылды еді. Асын талғап, асықпай, төкпей-шашпай ғана жейтін. Өзі таза, ылғи жуынып отыратын. Үнсіз ғана шоқиып отырады. Түрінің әдемілігі сондай кімге де болса ұнайтын. Барып басынан сипап, қолға алып көтеріп жүретінбіз. Бір күні әпкем Жазира ұйықтап жатқанда оның жақсы көретін әйнек алдындағы гүлін Ақкіс құлатып алыпты. Тарс етіп жерге түсіп, құмыра сынған. Ұйқыға тым жақын, шашы дода-дода Жазира дүрс-дүрс аттап келіп Ақкісті қолына алып желтоқсаның аязында далаға шығарып қардың үстіне лақтырып жіберіп қайта жатыпты. Оны әжем көріп қалған екен маған ұмытып кетіп жарты сағаттан соң айтты. Жүгіріп барып шамды жағып, даланы шарлап, Ақкісті тауып алдым. Бейшара мәуленім-ай, қатты жаурап тоңған екен. Қап-қара жұмсақ табандарынан суық өтіп, майда жұқа тонынан өткен аяз әлсіз бойын қарып, ақырын ғана "мияу-миияу" дейді. Көтеріп алып, қуанып үйге әкеліп, жылы сүт бердім. Пештің түбіне барып отырды. Сондағы түрі кішкентай әлсіз жәбір көрген баладан аумайтын еді. Әсіресе көздері. Оны еркелетіп, басынан сипап, неше түрлі атпен атап бағалағанда ол көзін сәл сығырайтыңқырап көзінің астымен ұяла қарап тұрушы еді. Құдды бір "қойшы, шын ба, мені айтасыңдар ма, неге" деген секілді. Тым ақылды көзбен қарайтын. Тіпті мұны адамдарға да үйреніп қою артық етпейді. Қазір біреу-ді мақтап көрші тап сол Ақкіс-дей кішілік пен сүйкімді мінез көре алмайсың. Ақкістің солай қарағаны есімде қалып қойыпты. Одан кейін бойы жылынған соң қасыма келіп, тіземе шығып алып пырылдап отырғаны, бетін жуғаны, сосын әбден тоңған байғұс баланың дөңгеленіп бір шөкім болып жатып ұйықтап қалғаны есімде. Бірақ сонда қайта-қайта бетіме алғысқа толы көздермен қарағанын көрсең оның анық рахмет айтып тұрғанын ұғу қиын емес-тін. Сол кезде бала менің өзім соны түсіндім. "Ойпыр-ай мынау тіпті саған бата беріп тұр-ау, жарықтық-ай, осы мәулен керемет ақылды шығар" деген еді әжем. Тек сол Ақкісті қимай, сенгісі келмей бала кезде үш күн жылағанын бүгіп қалды. Бұлар қайдан түсінсін.
Манадан бері үнсіз тыңдап отыр екеуі де. Елден ерек байсалды Гүлшат:
– Сосын не болды, қартай-ғанша тұрды ма? – деді.
Бір сәт алыс күндердің сағымына еніп кеткендей болған Қыдырғали өкінішін жасыра алмаған сияқты.
– Жоқ. Ақкіс бір күні, ақпанның ортасында, таңертең ауырып қалып түнге қарай дүние салды. Ауылда қайдан арнайы дәрігер болсын, тіпті қазір де жоқ қой. Мал дәрігері сүт, сұйық май бер деді. Уланды ма дегенбіз. Меніңше, ерекше әдемі түрді, тазалықты, жануарға тән емес ой-сананы тегін бермеген шығар. Мүмкін біздер өкінсін, ойлансын деп жаратты ма екен. Жануар деуге қимайтындай еді. Әне анау бағанның түбіндегі қойтас жай тұрған жоқ. Ақкісті сонда жерлегенбіз. Солай балалар.
– Мұны мен де білмейтінмін, солай ма еді? Жүріңдер кешкі асты ішейік те бет-бетімізбен жұмыстарымызды істейік.
Дана қабағын түйіп алыпты. Жалпы қабақ түйіп жүргенін жиі көресің. "Түйме қабағыңды қазірден бастап әжім түсіріп, жүр сосын кемпірлер сияқты" дейді апасы. Тыңдайды ма. Өзінше данышпансып, көңіл аудартқаны да.
– Мына ойыншыққа ұқсайды ма? – деді Гүлшат. Қолына алып зер сала қарап шығып: Иә. Ептеп ұқсайды екен. Дәл Ақкістей жануар баласын содан бері отыз жыл өтті, әлі көрмеппін. Көрсем аттай қаласам да қолға түсіріп бағар едім, үйдің сәнін келтірер еді, – деп сәл жымиды папасы.
Ділнар Дүйсенғали.
Меңдіқара ауданы.