«Қызбел таудан бастау алған бір бұлақ»
Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны, сөз зергері Ғафу Қайырбековтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қызбел таудан бастау алған бір бұлақ» атты портреттік кеш өтті. Шараның мақсаты – ақын, жазушы Ғафу Қайырбековті еске алып, оқырмандарды оның өмір жолы және шығармашылығымен жақынырақ таныстыру. Тағылымды кешті Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі, ақынның жиені Қуаныш Орманов ашты. Кеш барысында ақынның балалық шағынан бастап, қызмет атқарған елеулі еңбек жолынан сыр шертетін фильм көрсетілді.
– Публицист-қаламгердің ел мен жердің, адамдар тағдырына негізделген мағыналы, ойлы очерктері жас ұрпаққа қалған құнды рухани қазына. Ғафу – ардақты әке, сүйікті жар, сыйлы ата, адал дос та бола білді. Әкемізбен 42 жыл қос аққудай жараса өмір сүрген оның сүйікті жары Бәдеш Хамзақызы да ұлтымыздың барлық асыл қасиеттерін бойына сіңірген ардақты жеңгелерімнің бірі. Көрнекті ақын әдебиет әлемінде биіктерге көтерілсе, оған бар ғұмырын арнап келе жатқан Бәдеш апамның қосқан үлесі мол. Себебі, қаламгердің шығармашылығындағы әрбір туындысын қалдырмай жинақтап, соңғы шыққан кітаптарын бастырып шығарған да осы жеңгем болатын, – деді Қ.Орманов.
Аталмыш кештің құрметті қонақтарының бірі, ҚР-ның жазушылар одағының мүшесі Нағашыбай Мұқатов та, жазушы туралы естелік айтып, жазушының өмір жолынан сыр шертті.
–Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековті білмейтін қазақ кемде-кем. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. Қазақтың қыз-жігіттеріне қамқоршы болып, олардың ақын-жазушы болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қоса білді. Ғафудың «Ақжелкен», «Жел қайық» атты публицистикалық жинақтары – публицистика саласындағы классикалық қорға енген мұралар. Бүгінгі жас тілшілер, журналистика мен филология факультетінде білім алып жатқан студенттерге үлкен әдістемелік оқу құралы, көмекші құрал екендігі ақиқат, – деді ақын.
Кітапхана жанынан құрылған «Ақ қауырсын» ақындар клубының белсенді жастары ақынның «Туған жер», «Есімде алғаш», «Ұстазым» өлеңдерін тебірене оқып, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.
Іс-шара соңында Қуаныш Орманов Ғафу Қайырбековтың «Көп томдық шығармалар жинағын» кітапхананың мұрағатына табыстады.
Әсел Қибаш
Суретті түсірген: Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ