Көрменің көмегі көп
Таяуда Ресейдің Екатеринбург қаласында "ИННОПРОМ – 2022" халықаралық өнеркәсіп көрмесі ұйымдастырылды. "Сын-қатерлерден өнеркәсіптік жаңа мүмкіндіктерге көшу" атты көрме – көрші мемлекетті өткен ең ірі шаралардың бірі. Екі ел кәсіпкерлерінің басқосуы "Қазақстан – серіктес ел" тақырыбында өтті. Көрмеге біздің ел делегациясының құрамында 50-ден астам қостанайлық кәсіпкер қатысты.
– Көрме шекаралас ретінде елдеріміз бен өңірдің сауда-өнеркәсіптік кооперациясын нығайтуға қызмет етеді. Ыңғайлы логистиканы ескере отырып, экономикалық серіктестік әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. "Иннопром-2022" – бұл жаңа клиенттерді табу, осы мәселелерде өзара қызығушылықты және біздің облыстың тұрақты экономикалық дамуын ескере отырып, мәмілелер жасасуға зор мүмкіндік екендігін айта кеткен жөн, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзембаев.
Іс-шарада кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің өкілі Наталья Лапшина еліміздегі және облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
– Көрме жаңа технологиялық трендтерге, жаңа әлемдік сын-қатерлер мен проблемаларға, жаһандық өзгерістерге арналды. Маған ұлттық экономиканың тұрақты дамуымен тығыз байланысты әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тақырыбын ашуға мүмкіндік берілді, – деп бөлісті Наталья Лапшина.
Осы саладағы мемлекеттік саясаттың белсенді қозғаушы күші "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры екендігі белгілі. Соның арқасында қазақстандық кәсіпкер әйел өз бизнесін ашты. Жалпы, елімізде "Даму" қорынан игілігін көріп отырғандардың 46%-і әйелдердің еншісінде.
Дәл осы қор арқылы мемлекет тарапынан қолынан іс келетін қыз-келіншектерге жеңілдетілген несие ұсынылып келеді. Сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытумен байланысты гранттық қаржыландыруды белсенді пайдаланады. Бұл тетік бизнес-идеяны іске асыру үшін таптыртпайтын мүмкіндік.
Әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесу үшін басқа да үкіметтік бағдарламалар әзірленді. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Ол қаржылық қолдаудың "Бизнестің жол картасы", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және "Еңбек" бағдарламасы. тәрізді бірнеше тетікті біріктіреді.
Айта кету керек, әйелдерге кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуде "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да маңызды рөл атқарады. Диалог аясында көрме қатысушылары осы саладағы ең үздік практикалық әзірлемелермен бөлісті.
Әлібек ЫБЫРАЙ