Облыстық эссе байқауы қорытындыланды

«Қостанай таңы» газеті 100 жылдық мерейтойына орай 8-11 сынып оқушылары арасында «Шежірелі басылым» атты облыстық эссе байқауын жариялаған еді. 1 сәуір мен 1 маусым аралығында «Қостанай таңы» мен үшін», «Журналист болғым келеді» және «Тарих сыр шертеді» тақырыптары бойынша редакциямызға өңіріміздің аудан-қалаларынан 20 мақала келіп түсті.
Енді, міне, қазылар алқасының шешімімен байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып отыр. Бүгін бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орын алған үміткерлердің есімін жариялаймыз. Ал лауреаттарды дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттау алдағы уақытта өтеді. Сонымен қатар, «Қостанай таңы» газетінің жас тілшісі» куәлігіне ие болады. Бұл жайында қосымша хабарланады.
Байқаудың бас жүлдесіне Қарабалық ауданы Новострой жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Жансая Балтабекова ие болды.
Жансая «Шежірелі басылым» тақырыбында адам баласының өмірінде өзіне маңызды ақпарат алу үшін жан-жақты дамитынын, «көп оқисың, ізденесің, кітапхана мен жергілікті газет-журналдарға үңілесің» депті. Рас, қазір ғаламтор мен әлеуметтік желілерде ақпарат алу мүмкіндігі бар деген түсінік қалыптасқан. Жансаяның кітап, газет-жорналдарға терең үңілгені, әсіресе, ғасырлық басылымымызды мұқият зерттегені аңғарылады. «Өмірде болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар, жаңалықтардың тылсым дүниесін, өмір айнасының құндылығын газеттерден көресің. Және де  қолымызбен ұстап, әрбір бетін парақтап оқудың өзі бір ғанибет. Ерекше сезім. Әрине, ешбір ел әдебиетсіз, журналистикасыз өмір сүре алмайды. «Журналистикасы жоқ ел – өз шежіресі жоқ, тарихы жоқ ел» деген.
«Біздің үйдің бұрыннан келе жатқан бір өзінше әдет-салты бар немесе архив десем қателеспеспін. Әжем жайлы. Ол кісі жаңалықтарды оқығанды жақсы көреді. Айтайын дегенім, қабырғаға ескіше газет жинайды. Және де ата-анам «Қостанай таңына» жыл сайын жазылады. Әжем өзінің оқыған жаңалығын бөлісіп те отырады» деген жолдар шынайылыққа негізделген.
Бірінші орын иегері «Журналист болғым келеді» тақырыбын қозғаған Сарыкөл ауданы Севастополь жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Әмір Амангелдинов.
«Менің ойым гуманист, журналист мамандығын ойдағыдай меңгеру үшін өте маңызды болып көрінеді. Бұл жұмыс жоғары біліктілікті, жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Қажетті білім мен дағдыларды меңгеру үшін университеттің журналистика факультетінде бес жыл оқу керек. Мен бұған дайынмын, өйткені жоғары білім қажет екенін түсінемін», – депті ол. Немесе «Журналист еңбекқор адам. Олар неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым еңбекқор болады. Денсаулығыңызға, тіпті өміріңізге қауіп төндіру үшін өз жұмысыңызды өте жақсы көру керек. Журналистер халық үшін еңбек етіп, санасын өзгертіп, жақсылыққа үміт ұялатуы керек. Бізге, болашақтың журналистеріне тәрбиешілер миссиясы жүктелген. Халқымыздың лайықты болашағы үшін адал да аянбай еңбек етуіміз керек», – деген сөйлемдерін ерекшелеп айтуға болады.
Екі үміткер екінші орынға ие болып отыр. Олар – Рудный қаласы Д.Карбышев атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің  8 «Ә» сынып оқушысы  Балнұр Жақыпова мен Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының  8 «Б»  сынып оқушысы Аяжан Сәкенова.
Балнұр Жақыпованың «Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі сізді тек ақпарат берумен қатесін түзеуге бағытталған. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыру газеттен, жорналдан бастау алу керек. Тегінде Қытайда мектеп оқушыларына қаламмен жазғызбайтын. Жазуларыңды бұзады деп. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейтін. Сол секілді қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі – дайын өнім, екіншісі – еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін айту керек», – деуі қай заманда да өзектілігін жоғалтқан емес. Сондай-ақ, автор газетіміздің алғашқы нөмірлерінен бергі қызметкерлері, меншікті тілшілері жайында азды-көпті зерттеген екен. «Бірінші нөмір шыққаннан кейін бір жыл өткен соң газеттің облыстың әртүрлі ауылдарында 35 меншікті тілшісі болды» деген жолдар бар.
Аяжан Сәкенова: «Журналист болғым келеді» деген тақырыпта «Өз алдыма мақсат қойып, қиындықтардан жеңіп шығамын деген үмітпен білімімді шыңдап келе жатырмын. Осындай  қарқынмен жақсы маман иесі атану үшін тіл байлығымды дамытып, көптеген әдеби кітаптарды оқимын. Әрдайым газет-жорналдарды парақтай отырып, әр тақырыптағы мақалаларды зерделеу арқылы ой елегінен өткізіп отырамын. Білімімді  көркейтіп, іздене отырған сайын журналист болуға деген ынтам  арта түсті. Уақыт өткен сайын журналист болу  арманым  үлкен бір мақсатыма айналып кетті. Алдағы уақытта әр түрлі үйірмелерге қатысып, алға қойған мақсатыма жетемін деп ойлаймын. Журналистика – қиын да қызықты мамандықтардың бірі. Тапқырлық, шыдамдылық пен батылдықты қажет ететін мамандық. Дегенмен, қызығы мен шыжығы қатар жүретін жауапты мамандық. Қарапайым халық пен қоғам арасын байланыстыратын мамандық. Тек шыңдыққа жақ болып, тек қана шындықты айтатын маман. Журналистика – күш, ашық  пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас анық көрінетін бірден-бір мамандық», – деп ойын шынайы жеткізіпті.
Үшінші орын Жітіқара қаласындағы Естай Есжанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Томирис Бикишева мен Қарабалық ауданындағы Славян негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ольга Алексеева ие болды.
«Меніңше, газет – өнер туындысы. Нағыз үлкен газеттің бір нөмірін шығаруда көптеген адам еңбек етуде. Журналистер, репортерлар, редакторлар, корректорлар, суретшілер, терушілер, макет жасаушылар… Қалада неге екені белгісіз, мен газет оқымайтынмын, кітапты ұнататынмын. Бірақ бір күні кітапханаға кіргенде «Қостанай таңы» газетін көзім шалды, қуана аштым. Бұл кішкентай балаларға түсініксіз ақпараты бар ересектерге арналған газет, бірақ ол маған әрқашан қызықты болды. «Қостанай таңы» газетінде облыстың жаңалықтарын қарапайым түсінікті тілмен жеткізілген. Жеріміздің басылымы мен үшін қашан да ғылыми дүниені ашқан алғашқы оқулық іспетті», – деп жазыпты Томирис.
Ал  Ольга: «Шынымен де қазіргі қазақ жастарының газет орнына, әлеуметтік желіні қолданатыны өтірік емес. Ал мен газет қараймын, оқимын. Әсіресе өңірлік газетіміз «Қостанай таңы» газетін. Тасқа қашалып жазылған дүниенің ешқашан құны жоғалмайды. Егер оның құны мәңгілік болмаса, сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазулар неге соншама ғасыр сақталып қалды?! Газет пен журнал да сондай. Мәңгілік. Сарғайған парақтардағы сарғайған жазуларды кез келген сәтте тауып алуымызға мүмкіндік бар. «Қостанай таңы» газеті де ғасырдан-ғасырға жалғасатын тарихты жалғайды деп ойлаймын» немесе «Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі сізді тек ақпарат берумен қатесін түзеуге бағытталған. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыру газеттен, журналдан бастау алу керек», – деп баспасөздің адамзат өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін атап өткен екен.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓