БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСПЕК

Өткен аптада Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында XII "ИННОПРОМ-2022" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өткен болатын. Айтулы шараға әлемнің 30 елінен делегат қатысты. Көрмеге серіктес ел есебінде қатысқан қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов басқарды. Делегация құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді.

XII "ИННОПРОМ-2022" халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың да қатысқанын айта кеткен жөн. Аймақ басшысы алдымен «Қазақстан» павильонында болып, көрмеге қатыстырылған қостанайлық кәсіпорындар өнімдерінің таныстырылымында болды.

Жалпы, қазақстандық экспозицияның ауданы 1600 шаршы метрді құрады. 200-ден астам компания химия және фармацевтика өнеркәсібіне, қара және түсті металлургияға, машина жасауға, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіпке арналған өнімдер мен жұмыс жобаларын ұсынды.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов айтулы көрменің өнеркәсіп салаларын дамыту және проблемалық мәселелерді шешудің тиімді алаңына айналғанын атап өтті.

 "Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде. Бұған көбінесе Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы ықпал етті. Нәтижесінде, 13 ірі жоба іске асырылып, тағы 9 жоба қолға алынды", – деді Ә.Смайылов.

Қазақстандық делегация түрлі бағытта кездесулер ұйымдастырып, екі ел мүддесіне сай келісім жүргізді. Қостанай облысының әкімі Архимед Бегежанұлы Татарстан республикасының көрме павильонымен танысып, республика президенті Р. Миннихановпен кездесті. Кездесу аясында Қостанай индустриялық аймағында шойын құю зауыты мен жетекші көпірлердің басты бөлшектерін шығаратын зауыт құрылысы талқыланды.

Осыдан кейін Челябі облысының губернаторы А.Текслермен кездесіп, электромобильдерге арналған зарядтау инфрақұрылымын дамыту турасында әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, Челябі облысының туроператорлары үшін Қостанай облысына ақпараттық тур ұйымдастыру жөнінде келіссөз жүргізілді.

Екі өңірде импортты алмастыру бойынша ұқсас міндеттерді ескере отырып, жаңа өндірістерді ұйымдастыру үшін өзекті ақпаратпен алмасуға келісті.
Кездесу соңында «Қостанай облысының Челябі облысындағы күндері» аясында екі тараптың мүдделі кәсіпкерлерінің бизнес-кездесулерін өткізу мүмкіндігі талқыланды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓