Ет комбинаты іске қосылды
Қостанай облысының Қарабалық ауданында ет өнімдерін шығаратын комбинат іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегеновтің сөзінше, бұл біріншіден, отандық өнімдердің нарыққа шығуын қамтамасыз етсе, екіншіден, аудан тұрғындарын жаңа жұмыс орындарына орналастыруға оң жағдай туғызды.
«Бүгінге дейін бұл комбинаттың жұмысы 15 жыл бойы тұралап қалған болатын. ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі аясында аталмыш кәсіпорын қайта жаңғыртылып, өрлеу кезеңіне қадам басып отыр. Комбинатты қалпына келтіру жұмыстарына 11 млн теңге жеке қаражат жұмсалды. Қазіргі таңда мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр», – деді аудан әкімі.
Бүгінде мұнда 50 адам еңбек еткенімен, комбинат барлығы 120 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Нысан келер жылдың мамыр айында толық қуатына көшіп, ауданның тағы 70 тұрғыны комбинат қызметкері атанады. Кәсіпорын басшысы Геннадий Кригер айтқандай, қайта қалпына келтірілген нысан ет өнімдерінің 23 түрін нарыққа шығарады. Ал шикізатты жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен алады.
«Кәсіпорын өнімдері қазіргі таңда Қостанай облысының барлық аудандарының нарығына шығып үлгерген. Ендігі мақсат – ел экономикасын еселеу үшін өңірде өндірілген өнімді экспорттау. Көп кешікпей Ресей Федерациясының Челябі және Екатеринбург қалалары біз шығарған азық-түлік түрлерін тұтынатын болады», – деді ол.