Мұхамеджан Сералин «Топжарған» поэмасы

«Ауыл» атауымен алғаш жарық көрген газетіміздің негізін қалаушы жерлесіміз, қазақ журналистикасының атасы, ақын, көсемсөзші Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдық мерейтойы. Облыстық «Қостанай таңы» газетінің ғасырлық мерекесі қарсаңында атамыздың «Топжарған» поэмасын бейнетаспаға түсіріп отырмыз. «Торғайдың Топжарғаны» атанған кешегі Нұрхан Ахметбековтің сарқыты – Нағашыбай жырау Алпысов орындаған шығарманың үнтаспасы бұрын жазылып алынбаған екен.
Жалпы, ел арасында «Топжарған» поэмасының тағы бір атауы – «Жауырторы». Оның себебі мынада. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ақындар айтысында сөзді бастаса желдірмелетіп әкететін Иса Байзақовпен тең келетін кім бар деген әңгіме шығады ғой. «Исамен бір шықса, Нұрхан Ахметбеков шығады» деседі жиналғандар. Иса мен Нұрхан айтысатын болады. Сонда Нұрхан:
«Атаңдың он жасыңда ақын Иса,
Өзгеден ақындығы басым Иса.
Өзіңмен айтысуға тең келмейді
Миләттің* жетпіс екі бәрін жиса.
Исаның ақындығы менен басым,
Сөйлесе қопарғандай таудың тасын.
Әркімдер өз теңімен айтысады,
Алып кел Тәжібайдың Әбділдасын», – дейді.
Осы кезде қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, Иса былай деген екен:
«Сөз десе кетеді екен елдей көшіп,
Ән десе кетеді екен селдей есіп.
Буылған сап-сары алтын қабыменен,
Бұл қайдан шыға келді жерді тесіп.
Әуелде көрінгендей жанның қоры,
Бұны айдап келген деп ем ненің соры.
Құтылып хан тобынан жалғыз шыққан,
Болмасын осы келген Жауырторы».
Исаның «Жауырторы» деп отырғаны да – «Топжарған» поэмасындағы жүйрік. Тіпті, адайлар арасында бұл сәйгүлікті «Құбахан» деп те атайды екен. Торғайда Алтыбай (Алтыбай деген жер атауы осыдан қалған) деген байды Кенесары-Наурызбай адамдары өлтіреді. Бай «Жанғабыл, Жанғабыл, Жанғабыл» деп айғайласа керек. Жанғабыл дегені – сол елдің батырларының бірі, яғни, ертеңгі күн кек алатын да сол. Кейін осы ауыл Наурызбайдарды қонаққа шақырып, түн ішінде жасақтарды қырған кезде Байтабын батыр «Төре, өлдік!» деп өзі жаяу қашады. Наурызбай керегені жарып, Жауырторымен қашып құтылған екен. Жаяу кеткен Байтабын көп ұзамай қолға түсіп мерт болады.
Нағашыбай жыршы бұл туындыны мектеп бітірген 17 жасы шамасында жаттап алған. Ол кезде репертуарында Нұрханның «Есімсерісі», Бейімбеттің «Бай баласы», Ілиястың «Құлагері» бар екен.
Мұхамеджан Сералиннің «Топжарған» поэмасын Нағашыбай Алпысовтың Торғай жыршылық мақамдарымен орындауында назарларыңызға ұсынамыз.
Сурет пен бейнетаспаға түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓