Мереке. Мерейтой. Марапат

БАҚ қызметкерлері күніне орай Қостанайда медиафорум ұйымдастырылып, онда өңірдегі журналистерге әртүрлі марапаттар тапсырылды. Мерекелік іс-шара «Қостанай таңы» газетінің ғасырлық тойына арналған салтанатты жиынға ұласты. Қара шаңырақты мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов редакция ұжымына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті.
Медиафорум журналистер мерекесі мен қайраткер тұлға М.Сералиннің 150 жылдығына арналды. Жиынға аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қатысып, әріптестерімізге мерекелік лебізін білдірді.
«Айта кету керек, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында осы салаға ерекше назар аударды. Ашық ақпараттық кеңістік құру міндеті қойылды. БАҚ арқылы өзекті мәселелер көтеріліп, мемлекеттік органдардың оларды шешуге бағытталған шаралары талқыланады. Аймақтық БАҚ-ты тұрғындар ақпарат көзі ретінде ғана емес, қоғамдық пікірді білдіру құралы, халықтың қажеттіліктеріне жауап беретін әлеуметтік басқару органы ретінде қабылдайды», – деді облыс әкімі.
Филология ғылымдарының докторы, Журналистика академиясының академигі Серікқали Байменше Алаш арыстары мен қазақ баспасөзінің маңызы турасында пікір білдірді. Ол баяндамасында 1911-1915 жылдары басылып шыққан «Айқап» журналына бір көше атауы берілсе деген ұсынысын да айтып өтті.
«Троицкіде жарық көрген «Айқап» – ХХ ғасыр басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қапы қалып, сан соғып, «Әй, қап!» деп өкінген өмірін өз атымен бейнелеген тұңғыш журналы. Бұл басылым – біртұтас қазақ руханиятының құбылысы», – деген ойды ортаға салды.
Журналист, блогер Тимур Асылханов «Әлеуметтік желілер. Қазіргі заманғы блогинг» тақырыбында сөз қозғаса, «Rudny media» ЖШС бас редакторы Кенжеш Аманова «Қазіргі заман жағдайында өңірлік БАҚ дамуы туралы» атты баяндамасын оқыды.
Форум соңында журналистер марапатталды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығына орай бас редактор Жанұзақ Аязбекұлына Алғыс хат табыс етті. Ал бас редактордың орынбасары Жұматай Кәкімжановқа «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы берілді.
Сондай-ақ жауапты хатшы Қарлығаш Оспанова мен тілші Қыдырбек Қиысхан облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, жемісті еңбек етіп жүрген өзге де әріптестеріміздің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Журналистер одағының Құрмет грамотасы редакцияның тоғыз қызметкеріне табысталды. Осы тұста қоса кетейік, Жұматай Төкенұлы мереке қарсаңында «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен де марапатталған еді.
Медиафорумның екінші кезеңінде секциялық сабақтар өткізілді. Онда «Qostanai» телеарнасының директоры Ербол Ипбергенов пен журналист Тимур Асылханов ақпарат саласының қазіргі хал-ахуалы жайында ой бөлісті.
«Қостанай таңының» 100 жылдығына арналған салтанатты басқосу І.Омаров атындағы қазақ драма театрында өтті. Онда журналистиканың білгірлері мен газеттің ардагерлері сөз сөйлеп, естеліктерін айтты, қара шаңыраққа деген ыстық лебіздерін білдірді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Қайсар Әлім соғыс ардагері, қарт журналист Қасымхан Алдабергеновке сый-құрмет көрсетті.

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓