Облыс әкімінің құттықтауы
Өңір баспасөзінің қарашаңырағы – «Qostanaı tańy» газетіне бір ғасыр толды! Бұл – ғұмыры тұнған шежіре, тасқа басылған тарихы бар, қазақтың талай марғасқа қаламгерлері мен қайраткерлері тер төккен, солардың қолтаңбасы қалған қара шаңырақ.
Жиырмасыншы ғасырдың басында тұңғыш саны «Ауыл» (1922) деген атпен жарық көрген басылым қысқа мерзім ішінде «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Себебі, газеттің қайнар бастауында қазақ журналистикасының көшбасшысы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің ақиығы Бейімбет Майлин болған еді. Осы екі арыс газетті өңір айнасы етумен қатар, ұлттық-саяси көзқарасты оятты және қазақ журналистикасының ілгері дамуына тың серпін берді.
Дәуірдің қилы-қилы кезеңдерінде «Qostanaı tańy» атауы «Социалды ауыл», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» секілді сегіз рет өзгерген. Осы атауларынан-ақ басылымның саяси ұстанымын байқауға болады.
Еліміздің талайлы тағдырын жүз жылдық шежіресі бар газет бірге кешті. ХХ ғасырдың өзгерістерін де, төңкерісті де, қуғын-сүргінді де, қанды қырғынды да, тоқырауды да бірге көрді.
Газет тарихындағы ең бір жарқын беттер – сөз жоқ, Тәуелсіздік алған жылдар. Еліміз осы жылдары ілгері даму жолына түсті. Тәуелсіздіктің шырғалаң жылдарында газетіміз әлеуметтік әділдік туын көтеріп, ұлттық мүддені ұран етті.
Қостанай-Торғай жылнамасының өрлеу жолдарында редакция ардагерлерінің де еселі еңбегі, айырықша қолтаңбасы жатыр. Олар газеттің тірегі болып, өңір айнасына айналуына сүбелі үлестерін қосты.
Қазіргі таңда басылым заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгерткен. Озық технологиямен қайта жаңғырып, мультимедиялық мүмкіндіктері кеңейе түсті.
Газетті ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, редакция ұжымына шығармашылық табыс, жетістік, креативті идеялар, отбастарына бақ-береке, амандық тілеймін!
А.МҰХАМБЕТОВ,
Қостанай облысының әкімі.