18 мың жұмыс орны ашылады      

Осы жылдың алты  айында астықты өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіш динамикасы артқан.  Ең жоғары көрсеткіштер көтерме саудаға және құрылыс жұмыстарына тиесілі. Бұл пандемиядан кейін экономиканың қалпына келіп жатқанының  дәлелі. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде, машина құрастыру саласында  айтарлықтай өсім байқалады. Жергілікті кәсіпорында жасалған  жеңіл көлік модельдерінің желісі үнемі кеңейіп отырады.  Мәселен, соңғы алты айда 31,0 мың автокөлік жиналып, 1,2 мың көлік экспортқа жөнелтілген. Елімізде құрастырылған автокөліктердің 62%-і біздің облыста шығарылады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында баяндады. Өңір басшысы инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше бақылауда тұрғанын тілге тиек етті. Себебі, инвестиция тарту – бұл ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда облыста 8 мың жаңа жұмыс орнына арналған  52 жобалық  пул құрылған. Бұған  1,8 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Мәселен, Қостанайдағы индустриялық аймақта  «Kamlit KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 160,7 млрд теңге жүк техникасына арналған автобөлшектер  шығаратын екі ірі кәсіпорын: шойын құю зауыты және жүк техникасының бөлшектерін шығаратын зауыт салып жатыр. Қос бірдей зауыт іске қосылғанда  алдағы    екі  жылда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.Сондай-ақ, жақын-жуықта  үшінші жобаны іске асыру – жетекші белдіктер балкаларының өндірісі қолға алынады. Зауыт  өнімдерінің көп бөлігі  экспортқа шығарылдады.  Бұл облыс пен республиканың халықаралық саудадағы орнын күшейтпек. Ал «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС құны 60,0 млрд. теңгелік болат шыбықтарды  өндіретін зауыт салмақшы. -Қазіргі уақытта ішкі нарықта да, экспорттық бағыттарда да автомобильдерге тапшылық байқалады.  Кәсіпорын  автомобильдердің моделін кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту мәселесін  қарастырып жатыр. Отандық автокөлік концернеі болашақта жақын шетелдердің де қажеттілігін өтейтін болады,- деді өз сөзінде облыс әкімі.- Сөйтіп, ұсақ торапты әдіспен КИА, Шевролет Оникс, Лада автокөліктердің өндірісін жолға қою, катафорездік астарлауды пайдаланып бояу цехын кеңейту, «Беларус» тракторларына арналған кабиналар өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Тау-кен-өндіру секторында да ілгерілеу басым. Соңғы кезде  облыстың оңтүстік өңірлерінде тау-кен байыту кешендері, алтын өндіру фабрикасы сияқты  жобаларды жүзеге  асыру жоспарланған. Қашар карьерінде «Ақылды фабрика» жобасы қолға алынды.Облыс әкімінің айтуынша,  агроөнеркәсіп кешені саласында сүт бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін 12,4 мың ірі қара малға арналған  9 сүт-тауарлық ферманы, ірімшік шығару комбинатын, өсімдік май зауытын, бройлер еті өндірісін, ет өнімдерін ала отырып, ірі ақара мал мен жылқы өсіружөніндегі мал шаруашылығы кешенін салу көзделіп отыр. Инвестициялық жобаларды іске асыру өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтып, сол арқылы оның өнеркәсіп құрылымындағы үлесін көбейтуге ықпал етеді. Шикізаттық емес сектор экспортының көлемі ұлғайтылады. Себебі, қолға алынған жобалар экспортқа бағытталған.  Архимед Мұхамбетов жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыссыздық деңгейін 4,8%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады. Жалпы,  жүзеге асқалы жатқан  ұлттық жобалар, жеке бастамалар шеңберінде биыл  18 мың жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Кемінде 27 мың азаматқа жұмыспен қамту бойынша көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері облыста 11,3 мың  жұмыс орны ашылып,  13,3 мыңнан астам адам еңбекпен  қамтылған.
Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері 239,5 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді деді облыс басшысы. Яғни, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім  6,1% – ке тең. -Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін биыл "Отбасы банк" АҚ-мен бірлесіп "Жасшаңырақ" жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны іске асыру үшін  жыл басында 700 млн.теңге бөлінді. Бірінші транш есебінен 150-ге жуық адамды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ете аламыз.
Қарыздың негізгі шарттары: 10% бастапқы жарнасымен 5% – тен басталатын кредиттеу мөлшерлемесі бойынша 19 жылға  15 млн теңгеге дейін несие беріледі,-деді облыс басшысы. 
Сессияға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебін бірауыздан мақұлдады.
Толығырақ газеттің келесі сандарынан оқи аласыздар.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓