Облыс әкімі Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарына барды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарына жұмыс сапарымен барды. Әуелі ол Боровской мен Первомай ауылындағы ауызсу тарту жұмыстарын бақылады. Құбырдың ұзындығы – 95 шақырым. Алдағы уақытта 3736 үй таза суға қосылмақ. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 337 млн теңге. Биылғы жұмыстарға 337 млн теңгесі бөлінсе, қазір соның 89 пайызы еңсерілген. Құрылыс жұмыстары үш жылға созылмақ. 2019 жылы тұрғындар таза суға қосылуы тиіс.



Меңдіқарадағы егіс алқабының аумағы 294,4 мың гектарды құрайды. Оның 233 га бидай, 47 гектары майлы дақылдар. Қалған жерінде көкөністер өседі.

Архимед Мұхамбетов аудан орталығындағы жылу қазандықтарын аралады. Қыс қамы әлден әзір. Қазандықтар тегіс жаңартылған.
Сондай-ақ, Ұзынкөлдегі мәдениет үйінің құбыр желілерін жөндеуге 50 млн теңге бөлінді. Бірақ мәдени ошақта бұдан бөлек проблемалар бар. Ғимараттың тозығы жеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары керек-ақ. Облыс әкімі биыл бөлінген ақша еңсерілген соң тағы да қаржы беруді қарастыратынын жеткізді.

Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.