Сәбилі отбасы үйінде өртеніп кетті
Күні кеше Қостанай облысының Жітіқара ауданында тұрғын үй отқа оранып, жанұя мүшелері тегіс өрткеніп кетті. Жан түршігерлік оқиға туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі ресми мәлімет берді.
Төтенше жағдай 20 маусымда түнгі сағат 1:50 шамасында Комсомолький көшесінде болған. Осы уақытта Жітіқара қаласының №12 ӨСБ байланыс пультіне аудандық полиция бөлімінің көмекшісінен хабар түскен.
«Тілсіз жаумен күреске 5 өрт сөндіруші, 2 техника, ауданның басқа да шұғыл қызметінің өкілдері жұмылдырылды. Олар мекенжайға дабылдан соң 8 минутта келіп жетті. 50 шаршы метр алаңда ағаш веранда, кіреберістегі ішінара үй-жай және төбе жанып кетті. Өрт 02:26-да ауыздықталып, кейін толығымен 02:54-те сөндірілді», – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Өрт сөндіру барысында оқиға орнынан 68 жастағы үй иесінің, оның 39 жастағы ұлы, 36 жастағы қызы және 2020 жылғы немересінің мәйіті табылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу және отбасы мүшелерінің қаза болу себептері анықталып жатыр.
«Өрт орнында облыстық ТЖД өрт сөндіру сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеу үстінде», – деп толықтырды баспасөз қызметі өкілдері.
2022 жылдың наурыз айында ғана аталған мекенжайда тұратын тұрғындар есепке алу журналына қол қойып, өртке қарсы нұсқамалар алған. Ол кезде мамандар қауіпсіздік талаптарына қайшы келетін ереже бұзушылықтардың жоқ екеніне көз жеткізіп кеткен көрінеді.