Орынборда Ахаңның жиендері табылды

Қостанайдан шыққан "Ахаң жүрген жолмен" экспедициясы ұлт ұстазының табаны тиген Ресей қалаларын аралап жүр. Олар Орынборға барған сапарында Ахметтің жақын туыстарымен кездесті.
Алаш арысының жиендерімен танысу ғанибеті бұйырғанын экспедиция мүшесі Абылай Мауданов баяндап берді. Ахметтің туыстары Орынбордың Керуен-сарай (Каруанһарай) кешенінде халықаралық "Қазақ тілі" орталығының мүшелері ұйымдастырған жиынға шақырылған.
"Экспедицияның бір табысы — Ахмет Байтұрсынұлының туыстарының табылуы! Ол — Октябрь ауылының тұрғыны Ақаш (Әбілқасым) Жолмырзаұлы Балмағанбетов. Ақаш — Ерғазының (Шошақтың баласы, Байтұрсынның кіші інісі) ұлы болып келетін Жұқанның қызы Нүрзипадан туады. Ахаң құрастырған "23 жоқтауда" "Ерғазының жоқтауы" деген жоқтау бар. Ерғазы — Ахаңның өмірінде орны ерекше адам. Айдауға кетіп бара жатқан Байтұрсын баласын оқуға беруді осы інісіне аманаттайды. Інісі аманатқа қиянат қылмайды. Сөйтіп әкесінен тірідей айрылған Ахмет Торғай мектебінің шәкірті атанады. Нүрзипа — Ерғазының немересі", — деп таныстырды Абылай Мауданов.
Оның айтуынша, Ақаштың анасы 18 жасында қуғын көріп, Орынборға ауып келіп, осында тұрмыс құрған. Нұрзипа бауырларын өле-өлгенше іздеп өтіпті.
 "Анам 1983 жылы 72 жасында қайтыс болды. Беріректе Қостанай жақтан туыстарын тауып, бір апта төркіндеп келгені есімде. Сөйтсем, анам Ахмет Байтұрсынұлының ең жақын туысы екен ғой. Сол үшін репрессияға ұшырағанын енді біліп жатырмын. Кейде "біздің нағашымыз кім?" деп сұраймыз. Сонда үнсіз егіліп: "Торғай деген жер бар, Ақкөл деген көл бар. Нағашыларың мықты жерден. Әттең атын айтуға әлі ерте" дейтін. Анам қазақы кісі еді, бие байлап, қымыз ашытатын. Ауыл-аймақ қадір тұтты. Ара-тұра туған елін сағынып, жылап алушы еді. Араға ұзақ уақыт салып нағашыларымның дерегін тапқаныма қуаныштымын. Бүгін кездесіп мәре-сәре боп жатырмыз", — деп сыр ақтарыпты осы жиында Ақаш Балмағанбетов.
Экспедиция мүшелері Ахаңның жиендерімен жүздесуді ұйымдастырған "Қазақ тілі" қоғамының төрайымы Сәуле Таикешеваға зор алғыстарын айтып отыр. Сондай-ақ Орынбордағы қандастардың ахуалы туралы да пікір білдірді.
"Бүгінде Орынборда 136 мыңнан астам қазақ тұрады. Олар осы жердің байырғы тұрғындары. Атамекеніндегі қандастар бас қосып, шұрқырасып табысар бір ғимарат ауадай қажет. Себебі, жас буын ана тілінен ажырап барады. Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының төрайымы бұл мәселені үнемі көтеріп келеді, яғни, Қазақстан тарапы хабардар. Орынбордағы қандастардың өзекті мәселесін өз алдына жеке тақырып етіп жазатын боламыз", – дейді А.Мауданов.
"Ахаң жүрген жолмен" экспедициясы жалғасады. Бұған дейін делегация Троицк қаласында болған. Енді Орынбордан соң Уфаға, Мәскеу арқылы Архангельскіге сапарламақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓