Газ ағытылса, кәсіпорындар жұмысы тоқтайды

"Қарталы-Рудный" магистралды құбыр желісін жөндеу жұмыстарына байланысты 1-25 тамыз аралығында көгілдір отын беру тоқтатылады. Ол қаладағы көптеген кәсіпорынның жұмысына кері әсерін тигізбек. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімдігінде өткен жиында Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Илона Тимошенко айтты.
Оның мәліметінше, облыс орталығында сегіз кәсіпорынның жұмысы тамыз айында толығымен тоқтайды. Олардың қатарында құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар бар.
"Қостанайда тұрғын үй құрылысына жыл сайын 95 миллион дана кірпіш қолданылады. Темір бетонды өнімдер шығаратын зауыттардың өнімділігі үш есеге дейін қысқаруы мүмкін. Олар — "Қостанай-МБИ", "Романа" және "БК-бетон" ЖШС-тері. Мердігер ұйымдар кірпіш және темір-бетон өнімдерінің қажетті қорын ресейлік және көршілес облыстардағы зауыттардан әкеліп алуы қажет. Қала өнеркәсіп кәсіпорындарын табиғи газбен қамтуды тоқтату өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кері әсерін тигізгелі отыр", — дейді И.Тимошенко.
Мұнымен қоса, наубайханалардың жұмысы да қиындыққа тап болады. Атап айтқанда, "Сухин", "Юрченко С.В." ЖК, "Сузан А", "Алтын-Нан" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қызметін тоқтатпақ. Бірақ бұл жетіспеушіліктің орнын "Багдасарян" ЖК (тәулігіне 4,5 мың бөлке) және "Астықжан Қостанай" (2,5 мың бөлке) толтыруды міндеттеріне алады.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Тимошенкоға өнімдер тапшылығына, әсіресе нанның жетіспеушілігіне жол бермеуді тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓