Бірлігімізді көрсетейік, жерлестер!

"AMANAT” партиясының жанынан құрылған аудандық, облыстық, республикалық штабтар жүйелі және белсенді түрде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгін Конституциялық референдум басталып, халқымыз өзінің болашағы үшін дауыс беріп жатыр. Ел келешегі үшін жауапты тарихи кезеңде, әр қазақстандықтың дауыс бергені өте маңызды. Тек ойланып, саналы түрде өз таңдауымызды жасауымыз керек деп ойлаймын. Конституциялық реформалар Мемлекет басшысының 2019 жылдан бері айтып келе жатқан саяси бастамалардың жалғасы болып отыр. Алдағы Конституциялық реформадан не күтеміз? Ең алдымен:
– Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет болуды;
– Халыққа бірдей мүмкіндік берілуін;
– Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленуін;
– Халықтың ой-санасын жаңғырып, өмір салтының өзгеруіне ықпал етілуін;
– Мемлекеттік жүйенің жетілуін, қоғам мен биліктің арасында тиімді диалогтың орнауын күтеміз.
Конституциямызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне, елдің дамуына оң өзгеріс әкеледі деп сенеміз. Жалпы, Ата заңымызға енгізілетін өзгерістердің барлығы адамдардың мүддесі үшін қарастырылып отыр. Ендеше, бізге берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, ұсынылған өзгерістерді қолдауға тиіспіз. Референдумға қатысу – ертеңін ойлар елдің ортақ ісі. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін игілікті таңдауды бірге жасауға шақырамын! Президент ұсынған Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдау біздің азаматтық парызымыз. Бүгінгідей аласапыран заманда бірлігімізді, тірлігімізді көрсетейік, құрметті жерлестер! Туған еліміз бен туған жеріміздің болашағы өз қолымызда екенін қашанда жадымызда ұстауымыз қажет. Ел тарихындағы аса маңызды оқиғадан шет қалмау – елін қадірлейтін әрбір азаматтың басты міндеті. Баршаңызды сайлау учаскелеріне келіп, белсенді түрде референдумға қатысуға шақырамын!
 
Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты,
“AMANAT” партиясының Республикалық партиялық штаб мүшесі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓