Алаяқтардан оңбай алданды

"Қазпошта" қызметкері алаяқтарға кассадан 22 млн теңге аударып жіберген. Оның үстіне өз қалтасынан тағы 200 мың теңге қосқан."Қазпошта" АҚ Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы филиалында жұмыс істейтін 55 жастағы әйел алаяқтардың жемтігіне айналды, деп хабарлайды Экспресс К.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қаскөйлер өздерін ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырған.
"Олар "Қазпошта" қызметкеріне 20 мамырда қоңырау шалған. Сөйтіп, әйелдің атынан ірі сомада несие рәсімделіп жатқанын айтады. Интернет-алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізіп жатқандарына сендіреді. Осы іске көмектесуге, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырған. Жәбірленуші "ҰҚК қызметкерлерінің" сөзіне бірден көніпті", — дейді баспасөз қызметіндегілер.
Алаяқтар әйелмен бірнеше күн бойы телефон арқылы сөйлесіп, "операция" сәтті аяқталу үшін оны банктен несие алуға келістірген. Дегенмен банк пошташының өтінішін мақұлдамапты. Осыдан соң қаскүнемдердің үгіттеуімен ол жұмыс орнының кассасынан уақытша 22 миллион теңге алған. Сосын оған әйел өзінің банктегі жинағынан 200 мың теңге қосады.
"Қаскүнемдердің нұсқауы бойынша, қолындағы қаржыны әртүрлі есеп-шоттарға бөліп аударыпты. Пошта қызметкерлері жұмыс күнінің соңында кассаны жабар кезде әріптестерінің "ұрлығы" ашылып қалған. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабының 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр", — дейді ПД баспасөз қызметінің мамандары.
Алаяқтарға сеніп, касса қаржысына қол салған пошташының тағдыры не болатыны әзірге белгісіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓