Қауіпсіздік қаперіңізде болсын!
Маусым айы туысымен шомылу маусымына ресми рұқсат берілді. Қазірден-ақ қостанайлық құтқарушылар тынымсыз жұмысқа кіріскен. Олар өзен-көлдердегі ықтимал оқыс оқиғалардың алдын алу үшін полицейлермен және еріктілермен бірлесіп рейдтер өткізуді бастады. Олардың барлығына шұғыл жағдайларда әрекет ету, адамды судан құтқару әдіс-тәсілдері алдын ала үйретілген.
Бүгіндері 30 қоғамдық құтқарушы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің адамдарды судан құтқаруға дайындаудың теориялық және практикалық курсынан өткені туралы сертификат алған.
Құтқарушылар алдын алу шараларын жүргізу үшін жағалауда арнайы оқу-жаттығу орындары бөлініп, олар суға батып бара жатқан адамды құтқару амалдарын үйренді. Рейд шаралары барысында 1713 адам қамтылып, соншалық ескертпе парақтары үлестіріліп, құтқару заттары көрсетілді. Балалар құтқару шеңберін лақтыруды тәжірибеден өткізіп көрді. Кейбіреулеріне құтқарудың басқа да әдістері үйретілді. Айта кету керек, Қостанай қаласында 11 мамырдан бастап 21 рейд өткен.
ТЖД мәліметінше, соңғы бес жылда облыс аумағында 91 адам суға батып мерт болған. 78 адам өзен-көлдердің шомылуға рұқсат етілмеген жерлерінде қазаға ұшыраған. Марқұмдардың 24-і – бала. Қайғылы оқиғаның көбі жеке қауіпсіздікті ойламау салдарынан болады. Мәселен, суға мас күйде шомылу немесе балаларды қатаң бақылауда ұстамау орны толмас өкінішке соқтырады.
Облыстық ТЖД тұрғындарға суға шомылу кезінде барынша абай болуға, қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
Еркебұлан Әлім