Шекарашыларға лайықты сыйлық
Шекара сақшылары мен жергілікті тұрғындар арасында достық қарым-қатынаста өмір сүру салты баяғыда-ақ қалыптасқан. Шекарашылар табиғи апаттық жағдайларда болмасын және өзге де кездескен қиндықтарда ауыл тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсетуге әзір тұрады. Ауыл тұрғындары да соңғы кезде өз қаражаттарынан шекара сақшыларына сый жасауды соңғы кезде дәстүрге айналдырған.
Соның бір айғағындай жақында Қостанай облысы бойынша департаменті«Ұзынкөл» шекара бөліміне қарасты «Ақбалшық» шекара бөлімшесіне Ұзынкөл ауданындағы «КрсиГарр» ЖШС басшысы, аудандық мәслихаттың экс-депутаты Гарри Лоуренс екі дана ST-V2703 маркалы (телевизиялық, жазып алушы) бейнебақылау камераларын сыйға тартты. Жомарт кәсіпкердің сыйға тарқан бейнекамералары келешекте шекараны сапалы күзетуге үлкен септігін тигізетін болады. Сонымен қатар жауынгерлік қызметте шекаралық іздестіруді жүргізу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Аталмыш бейнекамераларды шекара шебінің күзетуге қиындық туғызатын аймақтарына орнату жөнінде шешім қабылданып отыр.
Бұған дейін де Ұзынкөл ауданының әкімі Мұрат Сандыбаев шекарашыларға «DJIMAVIK 2» маркалы дрон-техникалық құралын ресми түрде табыс еткен болатын. Арада бір ай өткенде шекара сақшылары сыйға тартылған дронмен шекара режимінің бұзушысын ұстады.
Шекараны көздерінің қарашығындай күзетуді мақсат еткен әскери ұжым мен халықтың арасындағы бірлік келешекте де жалғасын таба беретініне сенімдіміз!
ҚР ҰҚК баспасөз қызметі