Мол мағлұмат, тың дерек айтылды

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің 25 жылдығына орай «Қазақстан: Тарих тағылымы саясаты» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының жобасы аясында «NurArmanEvents» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Конференцияны қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов жүргізіп отырды. Ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия барлық кез келген адамның ұсынысын қарауға ашық екенін, атқарылар жұмыстың көп екенін айтып өтті.
Бұрынғы КСРО бас прокуроры, КСРО ХКК төрағасының орынбасары А.Вышинскийдің айтуынша орта есеппен 1 минутта бір іс қаралып, бір адамның өмірі қиылып отырған. Олардың ісін көбіне соттан тыс органдар қарап, айыптаған. Сонымен қатар елімізде 370-тен аса бұқаралық көтерілістер мен ереуілдер де әділ бағасын алған жоқ. Бұл қан-жосамен басылған ереуіл туралы деректер егемендікке дейін өте құпия күйде сақталды. Мұндай деректерді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасының орынбасары, тарих ғалымдарының докторы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Өмірзақ Озғанбайұлы келтірді. Оның пікірінше, тарихтың ақтаңдақ беттері әлі түгенделіп біткен жоқ.
«Солақай саясаттың құрығына ілініп, қаза тапқан аруақтардың есімін ар соты алдында ақтап алу иманды, сауапты, ізгілікті іс деп білемін. Біріншіден, осындай қилы кезең, тар жол тайғақ кешуде шейіт болғандарды ақтау – аруақ алдындағы азаматтық борышымыз. Екіншіден, көзі тірі ұрпақ үшін міндетіміз, үшіншіден, болашақты гуманистік, имандылық қадамға бағыттауға кең мүмкіндік берер қадамымыз», – деді мемлекеттік комиссия мүшесі.
Ал 1940-жылдары солтүстік Қазақстанға немістерді депортациялаудың кейбір аспектілері туралы баяндама жасаған тарихшы Әлібек Табылдинов сол кездегі қуғын-сүргіннің қалай жүргені жөнінде де мағлұмат беріп өтті. 
«Қостанай өңіріндегі немістердің басым бөлігі облыс орталығынан алыс, ауылдық жерде орналасқан. Олар Қарабалық, Әулиекөл, Б.Майлин, Қарабалық, Федоров және басқа да бірқатар аудандарда шоғырланған. 1941 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысының Меңдіқара ауданына №№ 803, 804 эшелондарында Поволжье немістерінің бірінші тобы келді. Күзгі үш ай ішінде осы аймақтағы немістер саны күрт өсті. 1941 жылдың соңына қарай Қостанай облысында 40 мыңға жуық адам болды. 1941 жылғы 1 желтоқсанда республика көлемінде депортацияланған немістердің саны 349 713 адам ал олардың жалпы саны 441 713 адамға дейін өсті», – деген мәліметтерді айтты Ә.Табылдинов.
Концференцияда қуғын-сүргін құрбандары, оның ішінде алаш арыстары турасында көптеген мәлімет айтылды. Ол жайында толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓