Науқан қалай жүріп жатыр?
Алқаптардағы көктемгі науқан сәуір айының соңында екпін алды. Әуелі суыққа төзімді дақылдар, жемшөп және майлы дақылдар (мақсары, қыша), қара бидай егілсе, бидай тұқымы енді себіле бастады.
Бүгін облыс әкімдігінде егіс науқанын ұйымдастыру жөнінде штабтың отырысы өтті. Онда ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бейсенбаев егістіктерде жүріп жатқан жұмыс туралы баяндады.
«Науқан қарсаңында 4,8 миллион гектар алқапта ылғал жабылды. Сонымен қатар, 2 миллион 261 мың гектар немесе жоспарланған егістіктің 98,3% (2,3 млн га) өңделді. Оның ішінде химиялық тәсілмен 294 мың гектар, механикалық тәсілмен 1 миллион 967 мың гектар жер өңделді», – деді Т.Бейсенбаев.
Биыл 4 млн 772 мың га алқапқа дән сіңірілмек. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты тұқым 3,9 млн га жерге, майлы дақылдар 651,7 мың гектарға егілсе, жемшөпке 186 мың га бөлініп отыр. Бүгінге дейін барлық дақылдар 758,4 мың га жерге себілген. Бұл – белгіленген алқаптың 15,9%.
Осы жылдан бастап облыста күнбағыс пен қарақұмық өсіруді ынталандыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – аймақ жұртының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сұранысын қамтамасыз ету және қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын барынша арттыру. Осыған байланысты кейбір дақылдардың алқаптары кеңейтілген. Қарақұмықтың егіс алқабы – 12,2 мың га (2021 жылы – 11,4 мың га), картоп – 4,4 мың га (2021 жылы – 3,2 мың га), көкөніс – 1,7 мың га (2021 жылы – 690 га).
«Осы мақсатқа облыс бюджетінен 500 млн теңге қарастырылған. Қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші күнбағыс май тұқымының әр тоннасына 20 мың 800 теңге, қарақұмыққа 15 мың теңге субсидия алады», – деді басқарма басшысы.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 71 мың тонна дизель отыны бөлінген. Диқандар оның 65,5 мың тоннасын (92%) алып үлгерді.