Жәрмеңкенің жәрдемі

IMG_6266Таң алакеуімнен Спорт сарайын бетке алған қала тұрғындарының қарасы уақыт озған сайын көбейе түсті. Өйткені, жұрттың бәрі  азық-түлік жәрмеңкесіне асық.  Бұл биылдыққа осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Тұрғындар мұндай жәрмеңкелерді құр жібермейтіні түсінікті. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері ұсынған баға базардағы азық-түлік құнынан 20-30 пайыз-ға арзан. Сондықтан, халық қолдарына іліккендерін "пышақ үстінен" бөліп әкетті. Мәселен, сауда сөресіне шығарылған 1 келі қанттың бағасы дүкендегіден 10 теңгеге төмен.
Өткен жолы құмшекердің келісін 146 теңгеден саудаласа, бұл жолы бар болғаны 136-ақ теңге. Тұрғындар қантты тіпті қапшықтап әкетіп жатқанының куәсі болдық. Сондай-ақ, еттің бағасы да едәуір түскен. Сиыр еті 800 теңге, ал шошқа еті 750 теңгеге бағаланды. Жылқы еті бір жерде 1050 теңге тұрса, келесі сөрелерде жұрт 1000 теңгеге еркін сатып алып жатты.
– Жәрмеңкенің жәрдемі тиіп тұр. Барған сайын бағасы арзандай түскен. Бұл біз сияқты зейнеткерлерге өте қолайлы. Әсіресе, қанттың арзандығына қуанып тұрмын, – дейді Қостанай қаласының тұрғыны Әмина Жұртбаева.
Көкөністің  де  бағасы   бұрынғыдан көп төмендепті. Халық картоптың бір келісін 65 теңгеден алса, сәбіз мен қызылшаның келісі 70 теңгеге толып тұр. Қалағаныңызша ала беруіңізге болады. Жұмыртқаның да жолы болды. Бұл жолы да оның кезегіне тұрғандар өнімді қораптап әкетті. Бағасы – 160 теңге. Басқа тауарлар да қолжетімді.
– Осы жолы ауыл шаруашылық тауар өндірушілері азық-түлікті молынан әкелді. Өткендегідей емес, жұрт асықпай, қажетін сатып алуға мүмкіндік бар. Әрине, бұл әкелінген тауардың бәрі өтіп кетеді деген сөз емес. Мәселен, барлық өнімдердің 20 пайызы кері қайтады, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Байбосын Мурзин. Оның айтуынша, жәрмеңкеге он екі аудан мен Рудный,Қостанай қалаларының кәсіпкерлерін қосқанда барлығы 150-ге тарта кә-сіпорын тартылған көрінеді.Олар облыс орталығына тоқсан тоннадан астам азық-түлік жеткізген.
Айбек
       КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓