Көңілі таза баладай
Жасы үлкен ата-әжені көргенде дидарласып, сыр-сұхбат құруға асығасың. Себебі, олардың әңгімесі тұнып тұрған тәрбие, өнеге ғой.
Жақында 85-тен асқан жасы бар қостанайлық Сәпия әжейдің үйіне бардық. Кейіпкеріміз бізді көре сала "Өзіміздің қазақтың баласы екенсіңдер" деп мәз болды. Пәтерге кіре салысымен әжеміз әңгіменің тиегін ағытты. Қария қаладағы пәтерде ортаншы қызы Ғалиямен бірге тұрады екен. Одан басқа ұл-қыздары бас-басына үй болып, өз жөндерімен кеткен. Балалары мен немерелері мейрам, демалыс күндері келіп тұрады.
Сәпия Әбдірахманова бұрын-ғы Обаған ауданы, "Маяковский" совхозында туып өскен. Ұлы Отан соғысы басталған жылы он бес жаста болыпты. Ер азаматтар соғысқа аттанған уақытта ел ішінде қарттар мен әйелдер және жас балалар қалды. Кейіпкеріміздің жалғыз ағасы да ел қатарлы май-данға аттанады. Ал әкесі Абдолла ертеректе қайтқан. Отбасының тірегі болып отырған бауыры соғысқа алынған соң кейіпкеріміз апа-сіңілілерімен бірге жан бағуды ойлайды. Осылайша сол кездегі "Маяковский" совхозындағы фермаға жұмысқа орналасады. Онда есепші (учетчик) болды. Сауыншылардың сауған сүтін жинап, бір тамшысын ысырап етпестен көрші ауыл Силантьевқа тапсырып отырған. Тапсырманы тыңғылықты орындау үшін Сәпия әжеміз атарбаны өзі жүргізіп барады екен. Еңбек-қорлығы, адалдығының арқасында басқарманың мақтауын да естіпті.
– Соғыстың жаңа біткен кезі. Елдің тұрмысы ауыр. Халық аш. Жеті класты бітіріп, еңбекке араластым. Шешем мен сіңіліме қарайластым. Сол уақыттары күнкөріс қиын болды. Сүйеу болар азаматтарымыз соғыстан оралмады. Бар ауыртпалықты жас-кәрі демей, бірлесе көтердік. Жұмысты ауыр-жеңіл деп бөлмедік. Жанбағу үшін жан салып еңбек еттік, – деді Сәпия әже.
Төрт жасында әкеден айырыл-ған кейіпкеріміз өзі айтқандай еңбекке жастай араласты. Жал-ғыз ағасы майданнан қайтып оралмаған. Артынан қарақағаз да келмепті. Із-түссіз жоғалған бауырын Ленинград түбіндегі шай-қаста қаза тапты деп топшылайды. Жалғыз ұлын жоқтаған анасы Сағила қайғыдан көз жұмған.
Кейіпкеріміз он тоғыз жасында Байбосын атайға жолығып, тұрмысқа шығады. Марқұм атай екеуі төрт қыз, бір ұл өсірді. Тұңғыш қызының өзі қазір алпыс бір жаста. Өз алдарына шаңырақ құрып, отбасы болған балалары әжейдің үйіне жиі келіп тұрады. Қыздары қаймақ-майын тасып, қарайласып отырады.
– Маған киім керек емес. Балаларым мен немерелерім жиі келіп тұрса болғаны. Жолдасымның көзі тірісінде алып берген көйлектері әлі де тозар емес. Керісінше, өзім тозып барамын,– деді әжей бір сөзінде.
Иә, киімнің тозғаны ештеңе етпес, көңіл кірлемесін дейік. Кейіп-керімізді түр келбетіне қарап қария демесеңіз, жүрегі жас. Қимылы ширақ, көзі де тәуір көреді. Еліміздегі белгілі әнші топ "МузАрттың" әндерін сүйіп тыңдайды екен. Қазақ балаларының биылғы концерті Қостанайда да өткен еді. Сол концертке әжеміз бара алмай қалғанын өкінішпен айтты. Жалғыз өзі сыртқа шыға алмайды, ал қыздарын жұмыстан жібермеген. Тағы бір айта кетерлігі, әжеміз жыл сайын "Сосновый бор" демалыс базасына барып демалады, ем қабылдайды. Еңбек ардагері он төрт күндік жолдаманы жылда алып отырады. Жергілікті билік Қарттар күнінде Сәпия әжемізді назардан тыс қалдырмайды. Мереке күні қарт анаға сый-сияпат жасайды.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕ: Сәпия
ӘБДІРАХМАНОВА.