Еңбек озаты – ЕРҒОЖА

ЕргожаӘлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтары тек қарапайым адамның еңбегімен жасалатыны белгілі. Елбасы Н.Назарбаевтың "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам" Үндеуінде: "Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық ең-бекқор әрі құнтты қожайын бол-ғаны жөн", – деген еді. Ендеше бүгін өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, өз бақытын еңбектен тапқан қарапайым жан Ерғожа Жаңабаев жайлы сыр шертпекпіз.
Ерғожа Кенжеғұлұлы 1941 жылдың қаңтарында Әуликөл ауданына қарасты Қарақалпақ ауылында дүниеге келген.  Балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келген. Кішкентай Ерғожа еңбекке бейім болып өседі. Осылайша 18 жасында шоферлықты меңгереді де табаны күректей 40 жыл бойы жүргізуші болып қызмет атқарады. Бұл кәсіп сырт көзге оңай көрінгенімен, зейнетінен бейнеті көп. Соған қарамастан Ерғожа Кенжеғұлұлы жүргі-зушілікті жанына серік етті, ауданның маңдайалды маманы болды. Ұжымында абыройлы, дос-жарандарына сыйлы, қара қылды қақ жарар азамат көп ұзамай омырауына ВДНХ медалін тақты. Сол жылдары еңбек озаты ретінде кезексіз "Жигули" мен "Урал" мотоциклін мінген де Ерекең еді. Ол қарап отырмай ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласты. Араласып қана қоймай, түйткілді мәселелерді шешуде аянбай тер төкті.
– Мен тұратын ауылда бастауыш мектеп қана жұмыс істеді. Мәдениет ошағы "аты бар да, заты жоқ", ал тұрғындарға аса қажет саналатын фельдшерлік пункт мүлдем болмаған. Осы мәселе ауыл тұрғыны ретінде мені қатты    толғандырды. Сондықтан аудан басшыларының есігін тоздырып, мәселені төтесінен қойдым. Ақыры ойлаған мақсатыма жеттім, – деді жетпістің желкенін ұстаған Ерғожа.
Шынымен де, бүгінде ол тұрған елді мекенде мәдениет үйі мен фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Жақында жөндеу көріп, іші-сырты көз тартар қалыпқа енді. Зейнеткерлікке шыққан шағында Рудный қаласына қоныс аударса да, ауылдастары Ерғожа Кенжеғұлұлын мақтан тұтады, қимастықпен еске алып отырады. Қай деңгей, қай ортада болса да өзінің орнын нақ тауып, орайлы жерінде ойын, сыбағалы жерде сөзін өткізіп отыратындар болады. Міне, Ерекең сол санаттан. "Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден" деп Абай абыз айт-қандай, кейіпкеріміз көп көсемсімейтін, кісілігі ерен, кісім-шілігі төмен азамат.
– Жастарға айтарым, кез келген істе еңбекқор болыңдар. Бейнеті көп болса да, еңбектің наны тәтті. Мемлекеттің жастарға деген қамқорлығы мен беріп отырған мүмкіндіктері зор. Еңбек адамы қашан да сыйлы, халыққа қадірлі, – дейді Ерғожа аға.
Аудан тарихына өзіндік қолтаңба қалдырған еңбек ардагері бүгінде – отбасының қазығы. Өмірлік жары Танзила Ысқаққызы екеуі алты баласынан 14 немере мен бір шөбере сүйіп отыр. Дәм-тұзы жарасқан отбасыны замандастары үлгі тұтады, әркез кеңес алып отырады.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
Рудный қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓