Өңірдің 60%-ға жуық жолын жөндеу қажет

Оқырман қауым жақсы біледі. Қазір қар еріп, көшелерді су басқан тұста өңірдегі тас жолдар шұрық-тесікке айналып, көлігі бар жандар қатты зардап шегуде. Бұл жайтты кейбірі редакциямызға хабарласып, сапасыз жол жөндеген мердігерлерден немесе бақылау болмаған әкімдіктен көреді. Әрине, олардың айтқан пікіріне келіспеске лаж жоқ. Себебі, былтырғы жылы Қостанай қаласында 9 көшенің жолы жөнделіп, бәрі қазан айында бақылаудан өткен. Биыл көктем айы келгенде барлығының сапасы сын көтермейтін болып шықты. IMG_1187Бұл жайында облыс прокуроры Марат Қайыбжанов арнайы прокурорлық тексерістен кейін мәлімдеп отыр.
–                2014-2015 жылдары жергілікті 43 учаскеге асфальт төселген. Соның әрқайсында да заң бұзушылық әрекеттер байқалған. Әсіресе, жол жөндеу технологиясын бұзып, сапасыз материалдарды пайдаланады. Бұл жыл сайын дағдыға айналып отыр. Қазір өңірдің 60%-ға жуық жолы жөндеу күтуде,– деді облыс прокуроры.
Таяуда осы жайтты облыс әкімдігі де қаперіне алып, арнайы мәжіліс өткізді. Биыл аталған мәселеге байланысты өңірге 18,9 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Соның 7,1 млрд. теңгесі Қостанай қаласына тиесілі. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк мәлімдеді. Ол өз сөзінде өңірдегі,  жолдардың тез бұзылуы да өткен қыстағы қардың қалыпты нормадан артық түсуінен деп түсіндірді. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, облыста ғана емес, еліміздің әр аймағында көлік жолдары жөндеу жұмысының әлі дұрыс сапаға жетпей отырғаны шындық.
Әлгінде біз айтқан 18,9 млрд. теңгенің 4,5 млрд. теңгесі республикалық бағыттағы көлік жолдарына бұйырады. Тобыл өзені мен Таран көшесін жалғастырып тұрған көпірге бұл күні 2,4 млрд. теңге бөлінген. Мәжілісте негізінен, Қостанай қаласы көшесіндегі көлік жолдарына басты назар аударылды. Бұл жайында қала әкімі Базыл Жақыпов қала тұрғындарынан түсіп жатқан сын пікірлермен келісетінін айтып, биылғы жоспарларымен бөлісті.
– Әрине, биылғы қала көшелері жолдарының жағдайы қиындап тұр. Мұны тек қана ауа райының қолайсыздығына таңып қоюға болмайды. Мердігерлердің жолды сапасыз жөндеуі, уақытында қардан аршылмайтындығы әрі қаржының жеткіліксіздігі барлығымызды бүгінгі осы жайтқа әкеп отыр,– деп қала басшысы 2012 жылдан бастап биылға дейінгі бөлінген қаржыны бір пысықтап өтті.
2012 жылы жол жөндеуге 1,9 млрд. теңге бөлінсе, 2013 жылы 2,2 млрд.-ты құраған. 2014, 2015 жылы да сол шамада көрінеді. Біз айтқан бұл қаржы қала көшелерінің тұтынуына да жетпейді. Сондықтан да қала әкімшілігі кейбірін үнемдеп отыруға тура келеді. Ал, биылғы жұмсалатын қаржы 50 шақырымға жететін жолды жөндеуіне жеткілікті.

– Біздің өңір климатына сай дәл бүгінде жол-құрылысы жұмысына тек ағымдағы жөндеу жұмыстары сұранысқа ие. Қала көшелері жолдарының жүйесінің тиісті жай-күйін қамтамасыз ету үшін алдымен шұрық тесік шұңқырларды жөндеу қажет. Оның көлемі 100-120000 шаршы метрді құрап отыр,– деп одан әрі Базыл Жақыпов былтырғы жылға қарағанда биыл атқарылар жұмыстың көптігін жеткізді.

 

Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓