Ауыл спорты арындайды

Қазіргі таңда Қостанай облысында тұрғындардың спорт нысандарымен қамтылу көрсеткіші мың адамға шаққанда 51,08%-ке тең. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қайыржан Есімтаев айтты.
Рудныйда, Қарабалық, Сарыкөл, Аманкелді, Қарасу, Науырзым, Байімбет Майлин, Меңдіқара аудандарының орталықтарында және Аманқарағай (Әулиекөл ауданы), Заречный (Қостанай ауданы), Харьков (Меңдіқара ауданы) ауылдарында жаңа спорт кешендері салынады. Жобалардың жүзеге асырылу мерзімі 2023-2024 жылдарға белгіленіп отыр.
«Пандемияға қарамастан саламатты өмір салтын ұстанушылар қатары көбейген. 2021 жылы 297 мың адам немесе облыс тұрғындарының 34,7%-і спортпен белсенді әрі жүйелі түрде айналысып жүргені белгілі болды. Соның ішінде 53 мыңы бала, 120 мыңы жастар, 117,5 мың адам 30-60 жастағылар, ал 6 мыңы – зейнеткерлер», – деді Қайыржан Есімтаев.
Ауылдарда бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Спикердің айтуынша, өткен жылы елді мекендерде 150 адамға нұсқаушы штаты ашылса, биыл тағы 43 адам жұмысқа алынады. Осылайша өңірдегі барлық округ аталған мамандармен қамтылады. Олар қазірдің өзінде 10 мыңнан астам тұрғынды спортқа тартып, түрлі секциялар ашып алған.
Басқарма басшысының орынбасары Елена Киреева мемлекеттік тапсырыстардың іске асырылуы туралы ақпарат берді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қостанай облысында 2021 жылдың шілдесінен басталды. Қазір artsport.edu.kz порталы арқылы 93 жеткізушіден 230 өтініш мақұлданған, олар спорттың 19 түрінен секциялар ұйымдастыру қызметін ұсынып отыр.
«Айта кету керек, жеткізушілер жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру тұрғысынан шығыны ең аз спорт түрлерін шахмат, бокс, футбол, волейболды таңдайды. Осы уақытқа дейін қысқы спорт түрлері мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған секцияларды ұйымдастыру ісін қолға алуға бекінген бірде-бір қызмет ұсынушы болған жоқ», – деп атап өтті Елена Киреева.
Мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында көп балалы және аз қамтылған отбасылардағы балалардың секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі бар. Биыл оны жүзеге асыруға 500 млн теңге бөлінді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓