Қостанай облысында 11 мектеп жабылады
Сондай-ақ, 4 орта мектеп негізгіге және 9 негізгі мектеп бастауыш білім беру мекемесіне айналады. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова алқа отырысында айтты.
«Біздің облыстың ерекшелігі – шағын жинақты мектептер саны көп. Атап айтқанда, мұндай 315 мектеп болса, соның 110-ы кепілдендірілген нормативке сәйкес келмейді. Бұлардың көбі Әулиекөл, Ұзынкөл, Алтынсарин, Қамысты, Қарасу және Меңдіқара аудандарында орналасқан. Тиісінше, осы мектептерде кәсіби емес педагогтер де көп. Ұзын саны – 134 қызметкер», – дейді басқарма басшысы.
Осы себептен былтыр облыста 13 бастауыш мектеп жабылып, 12 орта және негізгі білім беру мекемесі қайта ұйымдастырылған.
«Енді биыл 11 бастауыш мектеп жабылғалы отыр. Оның үстіне, 4 орта мектеп негізгі болып өзгертіліп, 9 негізгі мектептің дәрежесі төмендей түсіп, бастауыш мектепке айналады», – деді З.Бәйменова.
Жалпы, қазір облыста барлығы 803 білім беру мекемесі бар. Онда 164 мың бала оқып жатыр. 36 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны – 116.
«Соңғы жылдары облыста мемлекеттік тілде оқытатын 5 жаңа мектеп ашылды. Алайда бәрі жоспардағыдай жұмыс істеп жатқан жоқ, оқушылармен қамтылуы 40%-дан аспайды», – деп толықтырды ол.
Бұл дерек қазақтілді мектептерге әлі де болса сұраныстың арта қоймағанын көрсететіндей. Дей тұрғанмен, З.Бәйменованың айтуынша, оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешу үшін 2025 жылға дейін жаңадан 15 мектеп салу жоспарда бар. Қазіргі таңда Қарабалық ауданында, Қостанай қаласының «Береке» және «Қонай» ықшамаудандарында үш мектеп құрылысы жүріп жатыр. Оларды аяқтауға қосымша 1,6 млрд теңге қажет.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев