ИМПОРТ КӨП, ЭКСПОРТ АЗ
Біздің облыс аграрлы өңір болғанмен, азық-түліктің басым бөлігі әлі сырттан тасымаланады. Әсіресе, халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлар қат. Мәселен, азық-түлік себетін талдау көрсеткендей, облыста он тоғыз атаудан тұратын азық түрлерінің тек тоғызы ғана өндіріледі. Тағы жетеуімен ішінара қамтамасыз етеді. Олардың қатарында қарақұмық, құс еті, сұйық май, ірімшік, сүзбе, сәбіз, жуа және қырыққабат бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсембаев айтқандай, өңір өзін сәбіз және қырыққабатпен 60%, жуамен 20% қана қамтиды. Қалғанын Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен тасымалдайды. Ол едәуір қымбатқа түседі. Тұрғындар көп тұтынатын тауарлардың жетіспеуіне себеп — облыста ірі көкөніс қоймаларының аздығы. Сондықтан, келешекте инвесторлар Меңдіқара және Бейімбет Майлин ауданында азық-түлік сақтайтын қойма салуға ниетті.
Алайда, бар мәселені екі қоймамен жабу мүмкін емес. Облыс әкімі Қ.Ақсақалов аты аталған басқармаға мәселені түбегейлі шешу үшін нақты тапсырма жүктеді. Өңір басшысы кәсіпкерлерге тауық еті, шұжық, күнбағыс майын, ірімшік, сүзбе және басқа да тауарларды өндіруді ұлғайту қажеттігін міндеттеді.
-Әрине, жақын арада біз импортты 100% толық алмастыра алмаймыз. Бірақ, қолдан келгенше көкөніс көлемін арттырып, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Артығын экспортқа шығару жағын да ойластырған жөн. Біз өз ресурстарымызды барынша пайдаланып, жергілікті өнімдерді қайта өңдеуіміз және өндіру қажет. Импорттың үлесі соншалықты көп болмауы керек. Құс етімен біз өзімізді тек 70% қамтамасыз етеміз, қалған қажеттілік АҚШ, Ресейден импорттау есебінен жабылады. Бұлай істеуге болмайды, – дейді облыс әкімі.
Өңір басшысы айтқандай, бізде макарон өнімдері мен жарма да ішкі нарықты толық қамти алмай алмай отыр. Облыс мұнымен ішкі тұтынымды 80% – ке ғана жабады. Қ. Ақсақаловтың айтуынша, жергілікті тауар өндірушілер макарон өнімдерін экспортқа да, ішкі нарыққа да жететіндей бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бар.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.