Өрттен кейінгі өмір
9 мамыр күні түс ауа Қостанайдың шығысын қою қара түтін басты. Белгілі болғандай, Тобылдың жағалауындағы тұтанған қамыс қызыл жалынға айналып, желдің күшімен қала шетіндегі Набережная көшесін отқа орай бастаған. Облыстық төтенше жағдай департаменті таратқан мәлімет бойынша өрт салдарынан 12 тұрғын үй (соның біреуі екі пәтерлі) толығымен жанып кетті. 2 баспананы айтарлықтай күйік шалған. 3 жеңіл автокөлік және 1 жүк көлігі отқа оранды. 63 адам тіршілік етіп отырған 15 отбасы зардап шегіп отыр. 1,5 гектар қопа мен мың шаршы метр құрылыс нысаны күлге айналды. Абырой болғанда, жан басы аман.
Қазір қызыл жалынға оранған үйлердің тұрғындары күл-күйенің арасынан қажетке жарап қалар деген үмітпен құнды заттарын іздеумен жүр. Үйінді арасынан өткен күннен белгі – шала жанған фото албьомдар мен бірен-саран құжаттар табылып жатыр. Бұдан бөлек күзетіп отырардай ештеңе қалмаған.
«Өртті ауыздықтауға желдің ұйытқуы мен қою түтін, сондай-ақ бір-біріне тығыз орналасқан үй-жайлар айтарлықтай кедергі келтірді. Набережная көшесінің тұрғындары эвакуацияланды. 17.23-те басталған қызыл жалын 21.24-те ауыздықталды», – делінген баспасөз хабарламада.
Осы оқиғадан кейін шаһар басшылығы өрт салдарын жою жұмыстарына дереу кірісті. Жедел штаб құрылды. Қала әкімі Марат Жүндібаев Набережная көшесі тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Нұрмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасарлары В.Ионенко, Е.Спанов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Сәндібеков, қала әкімінің орынбасарлары, ТЖБ, ЖПҚ, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Бұл жайт қалалық ауқымдағы төтенше жағдай деп танылды. Штаб жұмысы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тұрақты бақылауында.
Зардап шеккендер мүгедектерге арналған облыстық оңалту орталығына уақытша орналастырылды. Оларға күніне үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Өрт болған күні 5 адам жеткізілсе, қазіргі уақытта мұнда 31 адам (8 отбасы) қоныстандырылған.
Қостанай әкімі Марат Жүндібаев қалалық маңызы бар төтенше оқиғадан кейінгі атқарылып жатқан жұмыстар жайында арнайы брифинг өткізді.
«Мемлекеттік органдарға зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету бойынша жұмысты жедел ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Өрт салдарынан жойылған мүліктің шығынан анықтау бойынша тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жедел комиссия жұмысын бастады. Қысқа мерзімде қорытынды шығарылады. Алғашқы қажетті көмек ретінде тартылған қаражат есебінен әрбір отбасыға 200 мың теңгеден төленді. Әлеуметтік көмек көрсету ережесіне сәйкес, жұмыспен қамту бөлімі әрбір зардап шеккен отбасыға 70 АЕК (214,4 мың теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетуге кірісті. Қазір зардап шеккендерге жәрдем көрсетуге ниетті азаматтар саны көп. Олар «Сүйікті Қостанай» қоғамдық қоры жанынан ашылған есеп-шотқа ақша аудара алады, ал ол қаржы тиісті жеріне тиынына дейін жетеді. Ендігі мәселе – құжаттарды түгендеу. Бұл жұмыс та көпке созылмауға тиіс, біздің заңгерлеріміз де көмек көрсетіп жатыр. Барлық туындаған сұрақтар бойынша зардап шеккендер іKomek Ахуалдық орталығына (24/7 режимінде жұмыс істейтін) немесе тікелей қалалық қызметтер басшыларына жүгіне алады, байланыс телефондары зардап шеккендерге берілген», – деді қала әкімі.
Бұдай бөлек, баспанасыз қалғандарға азық-түлік жиынтығы түрінде материалдық көмек көрсетілуде. Бұл науқанды облыстық қоғамдық даму басқармасы тартқан еріктілер мойындарына алған. 7 оқушы үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылып, кеңсе тауарлары, киім-кешек сатып алынып жатыр. Сондай-ақ кәмелетке толмаған 2 студент қажетті киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етілген.
Тағы бір маңызды мәселе – бұдан кейін мұндай тілсіз жау қайталанбас үшін өзен жағалауын ұдайы қадағалап отыру жұмыстары қолға алынады. Соның ішінде қамысты отап отыру, жазда демалушылар арасында рейдтер жүргізу, бейне-бақылау камераларын орнату қарастырылмақ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.