Білім берудің жинақтау жүйесі

images

Қай ата-ана болмасын баласының келешегін,  ел қатарлы болып өскенін, заманға лайықты білім алғанын,  қызмет атқарғанын да ойлайды. Әсіресе, мектеп бітіретін оқушы баласы болса, түн ұйқысы төрт бөлініп, мектепті қалай аяқтайды, ҰБТ-дан қанша балл алады, қандай оқуға түседі, мамандық таңдайды,  білім беру грантына ілігеді ме, ілікпесе қаржыны  дер  кезінде қайдан аламын деген сұрақтар мазалайтыны сөзсіз. Осы орайда көмекке мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі  келеді екен. Ал, бізді толғандырған  сан  сұрақтың   жауабын   облыстық   білім   басқармасында өткен мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесінің таныстыру рәсімінде  таптық деп ойлаймыз. 
– Елбасымыз өткен жылы "Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі туралы" Заңға қол қойды. Бірақ, республика жұрт-шылығы әлі де болса осы білім берудің жинақтау жүйесі туралы біле қойған жоқ. Мүмкін үгіт-насихаттың аздығынан болар. Негізінен Мемлекеттік білім беру жүйесі (МБЖЖ) – жоғары, сондай-ақ, техникалық және кәсіби оқу орындарында білім алу үшін қаражат жинауға мүмкіндік беретін жаңа жүйе болып табылады. Жаңа жүйенің ұсынатын  мүмкіндіктері  қандай? деген сауал туындайтыны сөзсіз. Бүгінде Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесінің сегіз мыңнан астам салымшысы бар. Бұл жүйенің тиімдісі сол, еліміздегі сол секілді шетелдік жоғары оқу орындарында  өз балаларыңыздың оқуын төлеу үшін ақшалай қаражатты жоспарлы түрде жинақтау мүмкіндігін ұсынады. Қазіргі уақытта қаржыны  "Темiрбанк" АҚ,  "БТАбанк" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, "Цеснабанк" АҚ екінші деңгейлі банктерінде жинақтауға болады, біртіндеп қатысушылар тізімі жаңа банк-қатысушыларымен толықтырылады. Ал, енді толығырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы жасына қарамас-тан қатысушы банкте салым ашып салымшы болады. Салымшы қатысушы банкпен мемлекеттік білім берудің жинақтау салымы туралы шарт жасап,  баланың атына  есепшот ашады. Кем дегенде 3 АЕК-  яғни 5556 теңге  болатын бастапқы жарна енгізеді. Айта кетері сол осы жинақтар тек білім алу үшін ғана пайдалануы  қажет, – деді бізге ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Қаржылық орталығы" АҚ  маманы Гүлнар Алпыспаева.
Осы мемлекеттік  білім берудің жинақтау жүйесінің ерекшелігі сол, банктік салым шартында заңмен қарастырылған банктік сыйақымен қоса  мемлекеттік сыйақы ставкасы  белгіленіп  отыр. Жиналған сома жеткіліксіз болған кезде салымшыға жетіспей тұрған сома үшін білім беру кредитін алу  мүмкіндігі ұсынылады.  Мемлекет сыйақы ретінде азаматтардың білім беру жинақтарына қолдау көрсетуге кепіл береді. Мемлекеттің сыйақысының көлемі жылдық 5%-ды құрайды, алайда ол 100  АЕК-дан артық болмайды. Депозиттер төменде көрсетілгендердің атап айтқанда, жетім балалар, көп балалы және тұрмысы жағынан аз қамтылған отбасы балалары, мүгедек балалар  атына ашылса, мемлекеттік сыйақы 7 %-ға дейін арттырылады. Ал, енді банктердің сыйақысы – 7-10 пайыз. Сонымен бірге салымшы меммлекеттік білім грантына ие болған жағдайда,  салымын әрі қарай жинақтауға, үшінші біреуге беруге немесе қатысушы банктің білім берудің жинақтау салымының қаражатын капитализацияланған сыйақымен және мемлекеттің сыйақысымен бірге алуға құқысы бар.
Гүлназым
        САҒИТОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓