Айт күнгі айрықша сыйлық

Қасиетті Рамазан айынан кейін келген Ораза айт мерекесін барша мұсылман баласы тойлап жатыр. Бұл күні Меңдіқара елінде де қуаныштың үстін қуаныш еселеп жіберді десек, артық айтқандық емес. Өңірімізге танымал Таңжарықовтар әулеті аймағымыздың беделді азаматтарын, зиялы қауым өкілдерін, жергілікті ақсақалдардың басын қосып Айт дастарханын жайды. Дүниеден озған жақындарға құран бағышталып, бата берілді.
Оралхан Әбдірахманұлы Таңжарықов – Меңдіқара ауданының тумасы әрі тәуелсіздік алған жылдардағы осы өңірдің алғашқы әкімі. Қызмет бабында жүргендегі атқарған істері көпшіліктің есінде, ал 1993 жылы аудан орталығында мешіттің ашылуына мұрындық болғаны бір төбе. Сондай-ақ, сол уақытта жылдар бойы есігіне құлып салынған тарихи орын саналған шіркеудің де православ жамағатының игілігіне берілгенін айту керек. Кейін Қостанайдағы Ақмешітке Марал ишан бабамыздың есімінің берілуіне де бастамашы болған ел ағаларының қатарында.
Өзі құрметті демалысқа шықса да, Оралхан ағамыз туған елінен алыстаған жоқ. Ал ұлы Қуаныш Таңжарықов әке салған ізбен келе жатыр. Әулет «Береке-Таң», «Береке», «Дархан дала» шаруашылықтарын ұстап отыр.
Бүгінгі ас үстінде дастархан иелері аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітіне жаңа автокөлік тарту етіп, кілтін бас имам Еркебұлан Қошанға тапсырды. Өз кезегінде имам барша жамағат атынан әулетке алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
– Таңжарықовтар әулеті ауданның әлеуметтік, мәдени, рухани өміріне араласып, қолдан келген көмектерін аянып қалған жоқ. Біз Оралхан Әбдірахманұлымен заманында қызметтес болдық, ал аралас-құраластығымыз үзілген емес. Бұл кісінің атқарған еңбегін, қайырлы игі істерін ел біледі. Меңдіқара төрінде атақты қолбасшы Тұрсынбай батыр ескерткіші, Қостанайдағы тұңғыш мүсінші Хакімжан Наурызбаевқа арналған еңселі мүсіннің орнатылуы кезінде бел ортасында жүрді. Ең бастысы, туған жеріне деген адалдық осындай болу керек. Енді әке жолын ұлы Қуаныш жалғап жатыр. Бұл нағыз үлгі боларлық іс, – деді қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Бисетаев.
Бұл сөздерді Орал ағамызбен қызметтес болған Науырзым және Қарасу аудандарының құрметті азаматы Мұхамеджан Жетпіспаев та қуаттады. Аудан әкімі Ғабит Бекбаев та Таңжарықовтар серіктестігінің осындай қайырымды жұмыстарының әлі де жалғаса беретінін жеткізді.
Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов тәуелсіздік алған тұста «Харьков» кеңшарын басқарған жас директор еді.
– Сол уақытта Оралхан Әбдірахманұлы аудан әкімі. Біз жекешелендіру дегенді толық түсінбейміз. Бірақ ағамыз бізге осы бір науқанның қыр-сырын үйретті. Тіпті, кеңшар басқарсам да, өз басымда жеке көлігім де болмапты. Орекеңнің бағыт беруімен үкімет берген «Нива» көлігіне ие болғаным бар. Бұл әулеттің ауданымызға жасап отырған жақсылығын ең алдымен елде отырған біз жақсы білеміз. Лайым берекелі ісі ұзағынан болғай, – деді Сайран Балкенұлы.
Ас соңында Оралхан ағамыз барша ағайынға алғысын жеткізді:
– Халықтың бел ортасында жүріп, батасын алған адам еш уақытта жаман болмайды. Туған жеріміздің көркеюіне азды-көпті үлесіміз тиіп жатса, ол да үлкен мерей. Ендігі кезекте ел ақсақалдарының мешіт жанынан асхана салынса деген ұсынысын құптаймын. Ол үшін осы шаруаға жан-тәнімен кірісетін алқа мүшелері сайланып жатса, ертеңгі күн діни мерекелер, ас-тойлар өткізілетін асхананың болғаны абзал. Оған осындағы қалталы азаматтар атсалысады деген сенімім бар, – деді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Абай ШАЯХМЕТОВ.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓