Палуандар Ш.Шаяхметовты еске алды
Қостанайда самбодан жастар арасында белгілі қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналған турнир болып өтті. Оған Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларымен қоса Қарасу, Сары-көл, Ұзынкөл аудандарының палуандары және облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Сөйтіп, үш күн бойы 110 палуан 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 48 келі салмақта "Арлан" балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Асхат Есешов турнир чемпионы атанды. 52 келіде рудныйлық Жәнібек Нағызхан жеңіс тұғырына көтерілсе, 57 келі салмақта сынға түскен ұзынкөлдік палуан Саят Оңайбек қарсылас шақ келтірген жоқ. Ал 62 келіде "Сұңқар" спорт клубының түлегі Медет Қамиев жарыс жеңімпазы атанды.
Жарыстың бас төрешісі Р.Таңқыбаевтың айтуынша, жастар еліміздің білім саласына ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Ш.Шаяхметов сынды аға ұрпақ өкілдерін ешқашан ұмытпауы тиіс. "Өскелең ұрпақ ата-баба жолын жалғастыра білуі керек. Біз оларды әрдайым мақтан тұтамыз. Бұл жолғы жарыс облыстық деңгейде ұйымдастырылғанымен, келесі жылы Қостанайда спорттың осы түрінен 23-ке дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионатын өткіземіз", – дейді ол.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суретте: Ш.Шаяхметов турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері.