Үздік кәсіпорындар марапатталды
Облыста «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы мәреге жетті. Байқаудың қорытындысында өңіріміздегі үздік тоғыз кәсіпорын марапатталды.
Аталмыш көрме 27-28 тамыз аралығында өткен болатын. Оның мақсаты-жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыру. Байқауға облысымызға қарасты аудан, қалалардағы тауар өндірушілер қатысты. Дәстүрлі іс шараның қорытындысында «Өндірістік мақсаттағы тауарлар», «Азық-түлік тауарлары» және «Халық тұтынатын тауарлар» деген үш аталым бойынша үздіктер анықталды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Жеңімпаз тауар өндірушілер ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына арналған республикалық байқауға қатыспақ.
Үздік кәсіпорындардың қатарында Қостанай ауданындағы «Қарасу-Ет» ЖШС де бар. Жеке шаруашылық ет, шұжық өнімдерінің өндірісімен айналысады. Ол «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында I дәрежелі дипломмен марапатталды.
-«Сарыарқа АвтоПром» ЖШС, «Деп» ЖШС, «Қостанай диірмен комбинаты» АҚ, сияқты өнеркәсіп орындары өңірдің мақтанышына айналып отыр. Біздің ендігі мақсатымыз-бәсекеге қабілетті, әлемдік стандартқа сай тауарларды дайындау. Соның ішінде ел экспортының көлемін арттыруға сүбелі үлес қосуымыз керек,-деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков