Жойқын жол апаты: 3 адам мерт болды

Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолындағы қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жол апаты туралы ақпаратты Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Facebook желісіндегі парақшасына жариялады, деп хабарлайды Қостанай таңы.
20 сәуір күні сағат 22:25-те Әулиекөл ауданының полиция бөліміне Қостанай-Әулиекөл-Сұрған автожолының 72-шақырымында көлік апаты болғаны туралы хабарлама түскен.
Ресейлік тіркеудегі «Тойота Эстима» көлігін тізгіндеген жітіқаралық 26 жастағы жүргізуші елордаға бағыт алған. Кенет ол рөлге ие бола алмай қалып, жолдың қарсы бетінде келе жатқан «КамАЗ»-дың тіркемесіне соғылады. Жүк көлігінің рөлінде Қостанай қаласының 28 жастағы тұрғыны болған. Апат салдарынан «Тойота Эстима» жүргізушісі және екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Жеңіл көліктің тағы бір жолаушысы ауыр жараланып, Әулиекөл ауданы ауруханасына жеткізілді. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.    
"Жол апаты болған жерге бардым. Қазіргі уақытта "Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында апаттың себептерін анықтап жатырмыз. Апат себептерін анықтау үшін барлық қажетті сараптама тағайындалды. Осы ретте жолаушыларға  тағы да жүгінгім келеді. Үш адамның өмірі қиылған қайғылы оқиға болды. Жақын арада ауа райы нашарлайды деген болжам бар. Жол үстіндегі әрбір осындай оқиға – орны толмас үлкен апат. Сақ болыңыздар, сергек болыңыздар, жол қозғалысы ережелері мен көлік жүргізу мәдениетін сақтаңыздар. Жүргізушілер өздері үшін ғана емес, жолаушылар үшін де жауапты", — деп жазды Ерлан Омарбеков.
Жыл басынан бері облыс аумағында 84 жол апаты тіркеліпті. 19 адам қаза тауып, 98 жолаушы жарақат алған.

 

Оқи отырыңыз:

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓