Олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Кеше Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың акт залында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінің жеңімпаздары мақтанышпен қошеметтелді. 467 қатысушының 219-ы жүлдегер атанып, 66 бірінші, 75 екінші және 78 үшінші орынды иеленді.
Өңірдегі инновациялық мектептер мен Қостанай қаласы мектептерінің оқушылары арасынан 139 жеңімпазды марапатталды. Сонымен қатар, өңірлерден келген олимпиада жүлдегерлерді білім бөлімдері марапаттайтын болады.
            Олимпиада қорытындысы бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер үздік нәтижелер көрсетті. «Білім-Инновация» лицей-интернатының, «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының және Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары бірден 57 жүлделі орынға ие болды.
– Осы жерде облыстың ең талантты және лайықты оқушылары жиналған, болашақта сіздердің білімдеріңіз мектептің, өлкенің, еліміздің үміті болатынына кәміл сенеміз. Биыл 150- жылдық мерейтойы тойланғалы отырған ұлы жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді». Өңірлер арасында Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларының командалары жақсы нәтиже көрсете білді. Олимпиада Арақалық қаласының Ы.Алтынсарин атындағы гимназиясы, Рудный қаласы №2 және №5 гимназиялары, М.Горький атындағы гимназиясы, №23 жалпы білім беретін мектебінің, С.Мәуленов атындағы гимназияның, физика-математика лицейі, Қостанай қаласының №2 мектеп-лицейі және №3 мектеп-гимназиясы қатысушыларының жақсы дайындығын атап өткім келеді, – деді құттықтау сөзінде облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Жеңімпаздар қатарында өткен жылғы республикалық олимпиаданың жүлдегерлері де аз емес. Олар «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқушысы Жан Даутов, ол жақында Халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы мен математика пәні бойынша «Жібек жолы» олимпиадасының жеңімпазы атанды, химия пәні бойынша ғылыми сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары Андрей Паршиков пен Асанәлі Қали да бар. М. Горький атындағы гимназияның оқушысы Валерия Клоппертанц (неміс тілі), «Озат» ақпараттық технологиялар лицейінің оқушылары Вячеслав Мирошник (ағылшын тілі) және Темірлан Ташен (физика), сонымен қатар бірнеше жеңімпаз балаларымыз өз мәртебелерін қорғайтын болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓