Бүгін Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні

Кіршіксіз сезімді дәріптейтін Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, яғни Ғашықтар күні жыл сайын 15 сәуірде аталып өтеді.
Экспресс К тілшісі этнографтардың бүгінгі махаббат мейрамына қатысты пікірін білді.
Белгілі этнограф Болат Бопайұлы Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күні аталып өткені дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, әр облыста ғашықтар мұнарасы орнатылып, сол жерде үйлену және неке қию рәсімі өткені жөн. Этнограф сондай-ақ ғашықтарға 14 ақпандағы сияқты арнайы бұйымдар таратылса дейді. Сонда ғана жастар басқа елдің қаңсығын таңсық қылмайды.
"Қазақ халқы бағзы заманнан бері "ғашықтық" ұғымын ерекше қастерлеген. Бір-бірін сүйген қыз бен жігіт ұлы махаббаттарын көзінің қарашығындай аялап қорғаған. Керек болса ғашықтық жолында жас жандарын да пида еткен. "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу", "Қыз Жібек пен Төлеген", "Қалқаман — Мамыр", "Еңлік — Кебек", "Айман — Шолпан", "Естай — Қорлан" сияқты ғашықтық жырларынан қазақ даласында ұлы махаббаттың алтын қазынасы осыдан қаншама ғасыр бұрын қалыптасқанын біземіз", — дейді Болат Бопайұлы.
Этнограф жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін заманауи мерекелерді ежелгі салт-дәстүрімізбен сәйкестендіре отырып жаңғырту аса маңызды екенін айтады.
"Ғашықтар күнінде неше түрлі салт-дәстүрімізді жаңғыртуға болады. Бірақ шектен шықпай атап өткен абзал. Өркениетті елдің қатарында иық теңестіріп тұру үшін жоғарыда көрсетілген жеті ықылымнан жетіліп жеткен ғашықтық жырларын қазіргі жастарға кеңінен насихаттау керек. Сол арқылы үлкен мерекеге айналдырған жөн", — дейді этнограф.
Ал тағы бір этнограф Ғалия Қайдауылқызының ойынша, сүйген адам сезімін бір күнмен шектелмей күнде білдіріп жүрсе, артық болмайды.
"Махаббатты 360 күннің бір күнінде ғана еске түсіріп қоя салмау керек. Ғашықтар сезімдерін күнде айтып жүргені дұрыс. Махаббат — екi адамның бiр-бiрiне деген шынайы сезiмi. Оны бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан ғашық адамыңызға жылы қабақ танытып, аялап жүріңіз. Оған жамандық жасамаған дұрыс", — дейді Ғалия Қайдауылқызы.
Қозы Көрпеш — Баян Сұлу күні қашан аталып өте бастады?
Қозы мен Баян күнін атап өтуді алғаш 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған. Оның ерекше бастамасы көптің көңілінен шыққан болатын. Бірақ мерекенің нақты күні белгіленбеген соң, оны әр өңір әртүрлі қарсы алады.
Ал 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді — Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мереке ретінде аталып келеді.
"Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" жыры
"Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" эпосында бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырланады. Ол XIX ғасырдың ортасында қағазға жазылған. Бұл дастан Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Белгілі жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің осы аттас пьесасы бар. Бұл шығарма 1939 жылы жазылған. "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" пьесасы алғаш рет 1940 жылдың 29 сәуірінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды.
Қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап тұрғызылған Қозы Көрпеш — Баян Сұлу мазары Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданының Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жердегі Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Зерттеушілердің пікірінше, ол X-XI ғасырларда орнатылған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓