Соңғы қоңырау сыңғыры
25 мамыр күні елдің барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлады. Әсіресе, балалық қызық күндері дәл осы сыңғырлаған үнмен бірге өткен, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып бара жатқан» түлектер үшін алтын ұя – мектебімен қоштасу қимастық болғаны рас.
Бұл күні ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһар мен өңірдің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз.
Биылғы соңғы қоңырау салтанаты Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңына келіп отыр. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толғанын айта кету керек. Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқу жылының аяқталу маусымына ерекше дайындалғаны көрініп тұр. Оқу орны баспасөз қызметінің хабарлауынша, Елбасы мектебінде биыл үшінші рет соңғы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылын 668 оқушымен аяқтаған. Ал мектеп бітіретін 94 түлектің төртеуі «Алтын белгіге», он үші үздік аттестатқа үміткер.
Салтанатты шарада физика-математикалық бағыттағы түлектер ортаға шақырылды. Айта кетейік, бұл оқу орны 12 сынып жүйесінде оқытылады.
Барша жиналғандарды құттықтаған оқу ордасының басшысы Думан Сапақов зияткер ұрпақтың жарқын болашағына ақ жол тілеп, өткен оқу жылындағы мектеп жетістіктерін атап өтті:
– 2017-2018 оқу жылында Атырау мен Қостанай қалаларында жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада біздің мектеп командасы бірінші орынды иеленді. Жалпы есепте, біздің шәкіртеріміз 62 жүлделі орынға, оның ішінде 17 алтын, 22 күміс, 23 қола медальмен марапатталды.
Салтанатты шара барысында жылдың үздік оқушысы және белсенді шаңырақ иелері марапатталды. Байқау комиссиясының шешімімен «Үздік шаңырақ» номинациясына 9 «Н», 12 «С» сыныптарының кураторы Изат Жарболов лайық деп танылды. Қостанайдағы зияткерлік мектептің «Жыл оқушысы» атағын 12 «С» сынып оқушысы, география, химия пәндері бойынша халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Елена Соболева жеңіп алды. Ал «Жылдың ең үздік оқырманы» аталымы Зухра Татамановаға бұйырды.
Соңғы қоңырауды соғу құрметіне математика пәні олимпиадасының жеңімпазы, 7-сынып оқушысы Нұрай Демисенова мен 12-сыныптың үздік оқушысы Александр Грищенко ие болды.
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.