Оқушы қызды зорлады деген күдікке ілінді

Қостанай облысындағы Лисаков қаласы әкімдігінің қызметкері кәмелетке толмаған қыздарды алдап, жыныстық қатынасқа көндірген. Құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Instagram желісіндегі парақшасында ҚР Президентіне жазған ашық хатын жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл хатта Лисаков қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы оқушы қыздарды өзіне ғашық етіп, арам ойын іске асырған соң келесі құрбанын іздейтіні туралы айтылған. Д.Таңсәрі Президенттен осы мәселені жеке бақылауына алуды сұраған.
"Қостанай облысында пәк қыздарға қырғидай тиетін шенеунік шықты. Президент саясатын өңірде іске асырушының кім екенін қараңыз. Ол тұлғасын жасырмай, жас көрінетінін пайдаланып, оқушы қыздарды өзіне ғашық етеді. ВКонтакте желісіне 20 жастағы жігіт ретінде тіркелген. Оның үстіне, отбасылы, бір қызы бар екенін жасырған. Кәмелетке толмаған қыздармен жұмыс уақытында кабинеттен хат жазысады. Президент бұларға әлеуметтік желіге басқа мақсатта тіркелуді талап еткен жоқ па", — делінеді хатта.
Дина Таңсәрінің айтуынша, 16 жастағы 2 қыз педофильдің құрбанына айналған. Күдікті оқушылармен танысып, бастарын айналдырып, өзіне әбден ғашық еткеннен кейін жалдамалы пәтерге шақырады екен. Оған интимді сипаттағы жазбалары дәлел. Алдап-сулап сыра ішкізіп, масайған оқушыларды пәктігінен айырған. Қыздарды қақпанына түсіріп, арам пиғылын іске асыруға 3 сағаттай ғана уақыт жұмсапты.
"Екінші қызды да төсекке итермелегелі жатқанда оқушы осы жағдай туралы тәтесіне айтып үлгерген. Ал ол кісі бізге хабарлады. Белгілі болғандай, екі қыз құрбы екен. Екеуіне бір жігіттің көзі түскенін білген. Екеуі де болған жайды ата-аналарына айтып беріпті", — дейді Д.Таңсәрі.
Хат иесі облыстық Полиция департаментіне күдіктіні қылмыс үстінде ұстауға өтініш жасаған. Екінші қыз және ата-анасы бұл операцияға келісім берген көрінеді.
"Ол жауапкершіліктен жалтарып кете ме деп қорықтық. Сондықтан тәртіп сақшыларынан оны пәтерде қыз балаға зәбірі тимей тұрып қолға түсіруді сұрадық. Бірақ полицейлердің мұндай жағдайдағы епсіздігі бәрімізге мәлім ғой. Педофильді ұстаудың орнына келісім берген қыздың өзі кінәлі екенін дәлелдеп бақты. Осы сыбысты әлдеқайдан естіп қалған күдікті байланыс дерегіндегі барлық оқушы қыздың нөмірлерін өшіріп тастаған. Былапыт жазбаларының бәрін жарияламаймын, барлығын полицияға тапсырдым", — дейді құқық қорғаушы.
Қазір күдіктіге қатысты тергеу шаралары басталыпты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет берді.
"Жапа шеккен оқушы қыздардың аналары жазған арыз бойынша Қостанай қаласының полицейлері ҚР ҚК 120-бабының 3-1 б. (кәмелетке толмағандарды зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ықтимал жәбірленушілер туралы деректер іздестіріліп жатыр. Полицияға бір шағым ғана түсті", — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Күдікті қызметінен өз еркімен шығуға арыз жазған. Бұл туралы Лисаков әкімі аппаратының жетекшісі Нарын Ким мәлімет берді.
Ол бүгін арыз жазды. Әзірге тергеу жүріп жатқанын, әкімдікке және мемлекеттік қызметке кір келтіргісі келмейтінін айтты, – деді Н.Ким.
Ол Лисаков әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы лауазымына 2020 жылдың тамыз айында тағайындалған. Әкімдіктегілер ол осы уақытқа дейін тек жақсы жақтарымен көзге түскенін айтып отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓