Бәрі жоспарға сай

Облыс диқандары жылдағысынша көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Мәселен, өңірдегі ірі ауылшаруашылық құрылымы саналатын «Олжа Агро» холдингтік компаниясы алқаптарға минералды тыңайтқыштарды себуді бастады. Компанияның бас агрономы Александр Гринецтің айтуынша, бүгінде тыңайтқыштардың бір бөлігі жеткізілген. Қалғаны жақын күндері әкелінеді.
– Жалпы, «Олжа Агро» шаруашылықтарында 34 мың гектарға жаздық бидай тұқымы себіледі. Мұның сыртында біз өткен жылы 36 мың гектар алқапқа қара бидай, тритикале, сұлы, рыжик тәрізді күздік дақылдарды егу үшін үлкен бағдарлама жасадық. Қазір егіс алқабында едәуір қар жатқанмен, көктемгі науқандық жұмыстарды бастадық десек болады. Әдетте бізде 15-сәуірден бастап көпжылдық шөптердің фонында ылғал жабылады. Сәуірдің аяғына таман сүдігер жыртып, парға қалдырылған жерлерді өңдейміз. Топырақты қопсытамыз. Негізі, ылғал жабуға қажетті техниканың 80 проценті сақадай-сай тұр. Холдингте алғашқы дала жұмыстарына түрлі маркалы 160 трактор, осынша соқа және 80 шақты топырақ жапқыш техника жұмылдырылады. Яғни, топырақтағы ылғал буланбасы үшін бетін нығыздау өте маңызды, – дейді Александр Гринец.
Холдинг егіс алқаптарын әртараптандыру саясатын оңды жүргізіп келеді. Мәселен, «Олжа Агроға» қарасты шаруашылықтар бидай алқабын 50 процентке азайтып, майлы дақылдарға аса көңіл бөле бастады. Зығыр, күнбағыс сияқты шығымы мол, пайдасы зор дақылдардың алқабы ұлғайған. Аз-аздан софлор, қыша егуді қолға алмақ. Сосын жүгері, күнбағыс сияқты ерте пісетін дәнді дақылдар себіледі. Көктемгі егіс жұмыстарының соңы жемдік азықтарды сіңірумен аяқталады. Осының бәрі 5-маусымға дейін жалғасады.
– Компанияға қарасты шаруашылықтар тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар май жағынан еш қысылып отырған жоқ. ЖЖМ субсидиялау бағдарламасы көңілден шығады. Сұйық отынның бағасы бекітілді. Әзірге шаруашылықтарға тасымалданып жатыр. Әрине, тұқым жеткізуде аз-маз қиындық туындағаны рас, бірақ, біз осы мәселенің алдын алу үшін өткен жылдың қазан айынан бастап арнайы жоспар құрдық. Осының арқасында тыңайтқыш мен тұқымды дер кезінде жеткізіп алдық. Қазір қолда 1,5 мың тонна тұқым мен күнбағысқа қажетті 41 мың гибрид, жүгері егу қажет 13 мың гибрид әкелдік, – деді «Олжа Агроның» бас агрономы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓