Эпизоотиялық жағдай тұрақты
Облыста жыл сайын жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 11 түріне, энзоотиялық аурулардың 5 түріне қарсы вакцина егіледі, дерттің 32 түріне диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Жергілікті ветеринарлық дәрігерлер жыл ішінде 5 млн-ға жуық манипуляция жасайды. Бұл туралы аймақ әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай мәлімдеді.
"Қойылған міндеттерді сапалы орындау үшін 9 индикатор белгіленген. Соның бірі – ІҚМ (ірі қара мал) бруцеллезінің динамикасын қалыпты түрде тұрақтандырып, біржола жою. Соңғы 10 жыл ішінде ірі қара мал бруцеллезіне қолайсыз елді мекендерді жүйелі түрде сауықтыруға қол жеткіздік. Алайда облыстың бірқатар аудандарында ірі қара мал бруцеллезі бойынша тұрақсыз эпизоотиялық жағдай әлі де болса сақталып отыр. 2018 жылдың соңында ІҚМ бруцеллезін жұқтырудың орташа облыстық деңгейі 0,49%. Арқалық қаласында – 1,7%, Жітіқара ауданында – 1,3%, Науырзым ауданында – 1,02%, Әулиекөл ауданында – 0,87 %, Денисов ауданында – 0,8 %. Сондықтан аумақтық ветинспекция және республикалық ветеринариялық зертхана филиалымен бірлесіп, осы аудандарды сауықтыру, жаңа ошақтарды болдыртпау арқылы 2020 жылдың аяғында облыста мал бруцеллезінің алдын алуға жұмыс істейміз, – деді басқарма басшысы.
Облыстың ветеринария қызметі жануарлардың орнын ауыстыру шараларын толық бақылауға алған. Өткен жылы орны ауыстырылған мал саны 33 440-ге жетіп отыр. Осыдан 25 221 бас мал мен 824 мың құс карантиндеуден өткізілген екен. Әкелінген малдарды карантиндеу кезінде 113 бас малдан аса қауіпті аурулардың 5 түрі анықталыпты. Тиісті шаралар жүргізіліп, аурудың одан әрі таралуына тосқауыл қойылған.
Берікжан Қайыпбайдың айтуынша, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы бөлініп келеді. Осы іс-шараларды жүргізудің нәтижесінде эпизоотиялық жағдай қалыпты, энзоотиялық дәрі-дәрмектерді тиімді қолдану нәтижесінде облыста мал басының өсуі байқалады – соңғы 5 жыл ішінде тек қамбар ата түлігі 23 мыңға жеткен. Энзоотиялық ауруларға қарсы препараттарды қолданудан жақсы нәтижелер алған бірқатар шаруашылық бар. Мысалға, Қостанай ауданының «Карл Маркс» серіктестігі, Меңдіқара ауданының «Заря» АҚ өз қаражатына препараттарды сатып алып, 10 жыл бойы үзбей қолдану нәтижесінде осы шаруашылықтарда бруцеллез және туберкулез бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдай қалыптасқан.
Берікжан Қайыпбай өткен жылы облыста аймақтық энзоотиялық жұқпалы аурулардың оның ішінде ІҚМ гиподерматозына және қой псороптозына қарсы алдын алу шаралары күшейтілгенін айтады.
Аймақ басшысы кейбір аудандарда, соның ішінде Жітіқара, Денисов өңірлерінде ірі қара малдың бруцеллез ауруына шалдығуының жиілегенін сынға алып, алдағы уақытта оның алдын алып, қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ