Шекарашылар жолаушыларды құтқарды
29 наурыз күні «Бозбие» шекара бөлімшесіне Жітіқара ауданы әкімдігінен жеңіл көлікпен жолға шыққан ауыл тұрғындарының қалың қарда тұрып қалғаны туралы ақпарат келіп түсті. Жеті адам мінген «Нива» көлігінің жолда тұрғанына бес сағаттан асыпты. Жолаушылардың арасында екі сәби бар. Баланың біреуі науқас. Ата-анасы оған аудан орталығына дәрі алу үшін шыққан. Оқыс оқиғаға тап болған жандарға дер кезінде қолдарынан келгенін аямайтын шекарашылар болған жағдай туралы басшылыққа баяндап, капитан А.Байсейтов бастаған шекарашылар тобы екі «Снегоход» көлігімен жолға шықты. Кешкі мезгіл. Боран. Айнала көрінбейді. Өз өмірлерін қауіпке тіккен шекарашылар жол шетіндегі электр бағаналарын бағытқа алып, қар құрсауындағыларға көмекке жетті.
Көліктің жанар-жағармайы таусылған жолаушаларға шекара бөлімшесінен алып шыққан жылы ішіктерін кигізді. Екі кішкентай баланы аналарымен бірге ауылына жеткізді. Осылайша барлық жолаушылар аман-есен үйлеріне жетті.
Бірнеше сағат жолда қалған жолаушылар шекарашыларға алғыстарын айтуда. Жанар-жағармайы таусылған көлікке әскери қызметшілер дер кезінде көмек көрсетпегенде қайғылы оқиғаның орын алуы мүмкін еді.
Қазіргі уақытта жолаушылардың денсаулығы жақсы.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.