Қостанай қаласында жол жөндеу жұмыстары жалғасады

Қостанай қаласындағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы 422 шақырымнан асады. Өткен жылғы жөндеу жұмыстарының қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 416 шақырымға жеткен. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов аппарат жиналысында айтты.
Мекеме басшысының мәліметіне сәйкес, былтыр автокөлік жолдарының жұмысына 2,9  млрд теңге бөлінген. Соның ішінде 45 көше мен 71 аулаға жөндеу жұмыстары жасалды. Ұзындығы 13  шақырымды құрайтын он сегіз көше орташа жөндеуден өткен. Аталған жұмысқа 1 млрд 245 млн теңге жұмсалды. Ұзындығы 6,8 шақырым болатын 27 көшеге қайта өңдеу әдісімен орташа жөндеу жүргізілді. Оған 739 млн теңге кеткен.  Қаладағы 71 аулаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд теңге жұмсалды. Барлығы 523 аула бар. Соңғы төрт жылда 367 ауланы абаттандыруға 4,7 млрд теңге бөлінген. Бүгінде аббатандыру жүргізілмеген 156 аула қалып отыр. Алдағы екі-үш жылда абаттандыру жұмысы 100 %-ке аяқталмақ.
– Биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың орталығындағы Абай даңғылы мен Тәуелсіздік көшесінің ұзындығы алты шақырым болатын шекарасына орташа жөндеу жүргізілмек. Осы мақсатта "АБЗ+" ЖШС-мен 1,5 млрд теңгеге келісім-шарт жасалды. Қаламыз қарқынды түрде дамуда. Көлік инфрақұрылымын дамыту және триатлон саябағына апаратын кірме жолдар үшін төрт жобаны іске асыру бойынша конкурстық рәсімдер өтті,-деді Данияр Сәбитов. 
Сондай-ақ, биыл 3,4 млрд теңгеге 57 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. 45 аулаға ағымдағы жөндеу жүргізілмек. ТКШ бөлімі "Шаһардың солтүстік-батыс бөлігінен Қостанай қаласындағы халықаралық әуежайға апаратын кірме жолды қайта жаңғырту" және "Назарбаев даңғылынан Промышленная көшесінің жол айрығына дейін қайта жаңғырту" жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Бұл жобалар көлік инфрақұрылымын жақсартып, қарқынды дамып келе жатқан екі шағын ауданды өзара байланыстыруға мүмкіндік бермек.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓