Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады.
Елдің дамуына, халықтың тынысына тың серпін беретін маңызды реформалар айтылды.
Мемлекет Басшысы атап өткендей, оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстанның» іргетасын үйлесімді саяси және экономикалық реформаларға бағыттай отырып, бүкіл құзірет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесіне өзгеріс енгізді. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жойып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіндегі рөлін арттыруға айрықша назар аударды.
Жоғары заң шығарушы орган Парламенттің, соның ішінде Мәжілістің мәртебесі мен рөлі күшейтілді.Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсаты қойылды. Азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлі күшейтіледі. Төртінші билік иесі саналатын ақпарат құралдарының тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары болуына баса көңіл бөлінді.
Сондай-ақ, Конституциялық соттың қайта құрылуы – шынайы демократияның айқын көрсеткіші.
Әсіресе, Президенттің Ұлытау, Жетісу сияқты Қазақстанымыздың кең байтақ жерлерін қайта жаңғыртып, ұлы бабалардың есімімен жаңа облыстарды құруы – мемлекетіміздің қуатты аймақтарын дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Мемлекет Басшысы өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек деп бекер айтқан жоқ.
«Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағы үшін сүбелі үлес қосу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Әлия САПАРОВА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.