Жан жадыратқан – «Жайлау күні»

Арқалық политехникалық колледжі жыл сайын Наурыз мерекесі келгенде «Жайлау күнін» өткізуді дәстүрге айналдырған. Іргелі ұжым биыл да сол үрдістен жаңылмай ұлттық салт – дәстүрді ұлықтауға күш салды.
Колледждің мәжіліс залында жайлауға енді көшкен ауыл өмірі бейнеленіп, ауыл адамдары ақжарқын пейілмен қонағын күтіп, есен – саулық сұрасып, дастархан басында әңгіме – дүкен құрды. Сыртта қайнаған қазан, асыр салып ойнаған балалар.
«Наурыз келді» дегенің барша әлемге жан бітті дегенің. Самарқанның көк тасы жібігені – «жайлауға жақындай беріңдер» деп табиғат ананың белгі бергені. Ауыл «ұзынсарыны» тиісінше қарсы алайық деп көктеуге көшуге ерте қамданған. Көздеген мақсаттары – ата кәсібі төрт түліктің бабын табу.
Көрініс барысында Ұлыстың Ұлы күнінің шуақты сәті үйлесімді бейнеленіп, жүрекке жылылық ұялатты. Табиғатты аялаудың жарқын үлгісі – ағаш көшеті отырғызылды. Жас өрен қариядан бата алып, ауыл жастары ән – думанның тиегін ағытты.
– Кең байтақ атамекенінде еркін өмір сүрген көшпелі бабаларымыз табиғатпен тығыз байланыста болды. Табиғат – ол біздің өміріміздің қайнар көзі. Біз қоршаған ортаны аялау арқылы өмір сүру сапасын жақсарта аламыз. Айналамызды тазалау, тал егіп, көшет отырғызу – бұл жас ұрпақ үшін тәрбие мен тәлімге толы ұлағатты іс.
Қоршаған орта үшін тазалық қашанда бірінші орында тұрады. «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген қанатты сөздерге қарап – ақ көшет отырғызудың, айналамызды көгалдандырудың қаншалықты маңызды екендігін ұғынуға болады,- дейді колледж басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Серікқызы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓