Клиент қамы – басты басымдылық!
"Қазақтелеком" АҚ 20-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған "Клиент күні" аясында Қостанай облыстық телекоммуникация Дирекциясы облыстың заңды тұлғалары үшін "Бұлтты өнімдер және шешімдер" атты семинар өткізді.
Компаниялар мен мекемелер, жеке кәсіпкерлер мен ІТ-мамандарға жаңа технологиялар туралы маңызды мағлұматты жеткізуді мақсат тұтқан бұл іс-шараға 80-ге жуық адам қатысты. Қазақтелекомның Ақпараттық жүйелер дирекциясы (АЖД) мен Қостанай ОТД-ның білікті мамандары бизнесте жетістіктерге жетуге көмектесетін жаңа қызметтері мен "Microsoft Қазақстан" компаниясымен бірге жасаған жобалары туралы айтып берді. Бұлтты өнім-дер web-портал жасау, интернет-конференция ұйымдастыру және өткізу, білім базасы мен электрондық құжат айналымын жүргізу, құжаттарды сақтау және түрлі іс-шаралар өткізу процесін барынша жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар тиімді етеді.
"Ақпараттық-коммуникациялық қызметтермен қатар семинарға қатысушыларға лицензиялық бағдарламалық жасақтаманы жалға алу қызметтері мен жаңа әрі бірегей қызмет – бір SIM-картаға ұялы және үй телефонын біріктіретін "Әмбебап нөмір" туралы айтылды", – деді Қостанай ОТД-ның коммерциялық директоры Ольга Падий.
Семинар барысы өзара пікір алмасу арқылы қыза түсті. Қазақтелекомның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қызметін пайдаланатын тұтынушылары да өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі – Қостанай облыстық әкімдігі білім басқармасының ақпараттандыру және білім-ді бағалау орталығы директорының орынбасары Алексей Жадькомен әңгімелескенімізде, ол бізге былай деді:
– Біз жуырда мыңға жуық адаммен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бейне-конференция байланыс қызметін қостырдық. Бұл өте ыңғайлы және тиімді екен. Өңірдің білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен тікелей байланысқа шығып, еркін тілдесуге мүмкіндік алдық. Қазірдің өзінде артықшылықтарын сезінудеміз. Сондай-ақ, бүгінгі өтіп жатқан семинардан басқа да тиімді ұсыныстар туралы хабардар болдым.
Ал, "Қазтелерадио" АҚ Қостанай филиалының ақпараттық технологиялар бойынша маманы Константин Кехтердің айтуына қарағанда, бұлтты өнімдерді пайдаланудың ең басты артықшылығы – кез-келген заңды тұлға үшін қол жетімділігі. "Әрі қызмет көрсету сапасы да жақсы. Қазір тұтынушылар тарапынан бұлт өнімдеріне деген сұраныс күн санап артуда. Мұның өзі осы технологияның қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді. Менің өз басым осы ұйымдастырылып жатқан семинардан үйренетінім көп", – дейді ол.
Қазіргі таңда, айлық алыс жерлерден жылдам хабар алуда көшбасшы болып жүрген Қазақтелекомның заманауи қызметтерінің шарапатын көріп жүрген облыс орталығындағы ірі өнеркәсіптердің бірі – "АгромашХолдинг" акционерлік қоғамы. Осы компанияның ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Алексей Колодкиннің пікіріне сүйенсек, Қазақтелекомның ұсынып отырған жаңа сервистері қаражатты үнемдеуде аса қолайлы екен. Енді, өңірде шетелдік темір тұлпарларды құрастырумен аты шыққан мекеме "бұлтты өнімдерге" де қызығушылық танытып отыр. Осы қызметтерді пайдалану арқылы артық шығынсыз филиалдармен тікелей байланыс орнатуға қол жеткізуге болады дейді олар.
Мешіт Ғазиз.