Өзекті өртер шындық
Лисаков қаласының ішкі саясат бөлімінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, «Достық» Лисаков гендерлік даму орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ұлт жолында құрбан болғандар, ашаршылық ақиқаты» атты дөңгелек үстел өтті. Мәдениет үйінің салтанатты залында ұйымдастырылған шарада саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары болғандарды еске алу үшін ерікті студенттер, дөңгелек үстелге қатысушыларға ленталар таратты. Жиынға Лисаков қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Ғабдрахманов, облыс спикерлері, студенттер-еріктілер, мәдениет және білім беру салалары, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар немесе олардың ұрпақтары, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосу басталар алдында қатысушылар бұрмалауға, жасыруға келмейтін тарихи шындыққа негізделген фильмді тамашалап, жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Дөңгелек үстел модераторы, Лисаков қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі А.Қадырханова қатысушыларға кіріспе сөзбен ашып, ел тарихындағы сонау қиын кезең туралы айтып берді. Іс-шара барысында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Ө.Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан халық Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі О.Евдокимова «Қостанай облысының этномәдени кеңістігіндегі депортацияланған халықтардың тағдыры» тақырыбында сөз сөйледі.
1936 жылдан 1948 жылға дейін елімізге Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 5 млн-ға жуық азамат күштеп жер аударылды. Сол кезде Қазақстандағы халық саны небары 6 млн-ға жетержетпес екен.
Ал, «Поляктардың қоныс аударылғанына 85 жыл» баяндамасымен сөз алған В.Радомский елең еткізбей қоймайды. Соғыстың алдындағы жылдары Украина мен Белоруссияның батыс аудандарынан Қазақстанға 40 мыңнан астам поляк отбасы депортацияланған. Ресми статистика бойынша Қазақстанға 200 мыңнан астам, ал шетелдік ақпараттардың кейбір деректері бойынша 1 млн поляк ұлтының өкілі қоныс аударған. Соғыс жылдарында еркектері «еңбек армиясына» жіберілді, олар Орал мен Сібірде зауыттар мен фабрикалар салу үшін адам төзгісіз жағдайда аянбай еңбек етті, елдің барлық халқымен бірге Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Лагерьлерде әскерилердің еңбегі ГУЛАГ заңдарымен (ауыр жұмыс және кішігірім заңсыздық үшін қатал жазалар) парапар еді.
– Тұрғылықты жерді еркін таңдауға тыйым салу, оқуға бару қиындықтары жастар үшін жоғары білім алу мүмкіндігін айтарлықтай шектеді, ең беделді университеттерде, оның ішінде заң мамандығы бойынша жоғары білім алу мүмкін болған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда бесінші ұрпағымыз өсіп келеді. Біз өзіміздің бірегейлігіміз бен мәдениетімізді сақтай алдық. Бұл кең құшақ қазақ халқының көрсеткен шынайы және риясыз көмегінің арқасы. Аштық пен қиыншылықтың осынау қиын-қыстау заманында қоныс аударушыларға көмек қолын соза білді. Олар жеп отырған нанының жартысымен бөлісті. Біз оларға шексіз ризамыз. Біз поляктар Қазақстанда өзіміздің екінші Отанымызды таптық, – деп өткен күндерді еске алады В.Радомский.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева «Қостанай облысы бойынша ақталмаған тұлғаларды анықтау бойынша жұмыс туралы» тақырыбында баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы материалдарды жинақтау мен зерттеуді ұйымдастыру бойынша Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы білім басқармасымен бірлесіп, аймағымыздың қалалары мен аудандарынан мемлекеттік музейлердің, кітапханалардың қызметкерлерінен, өлкетанушылар мен тарихшылардан (барлығы 129 адам) өңірлік жұмыс топтары құрылған екен.
– Қостанай облысы бойынша бұрын ақталған азаматтардың есімдері «Азалы кітапқа» енген болатын. Сол жинаққа енбей қалғандарын қосымша толықтыруға біздің өңірлердегі жұмыс топтары атсалысты. 474 ақталған азамат туралы мәліметтер Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың сайтына қойылды. Лисаков қаласы бойынша жұмыс тобына жауапты – Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейі басшысының орынбасары Юлия Буданова. Оның негізінде жұмыс тобы құрылған. Олардың міндеті – Лисаков қаласы бойынша осы күнге дейін саяси репрессиядан ақталмаған азаматтар туралы олардың туыстарынан, ұрпақтарынан мәліметтерді жинақтап, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне жолдау. Одан әрі бұл мәліметтер зерттеушілер тобына беріледі. Лисаков қаласынан жергілікті газетке, теледидар мен радиоға, музей сайтына, интернет желілеріне хабарландырулар берілді. Өкінішке қарай, тұрғындардан бірде-бір мәлімет түскен жоқ. Жақында Қостанай облысының өңірлерінде құрылған жұмыс топтарының қызметіне талдау жасалды, – дейді Н.Қуанышбайқызы.
Мұнан кейін «Ал естелік жүректі сақтайды…» баяндамасымен сөз алған Лисаков орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Бибігүл Әлімбаева Лисаков орталық кітапханалар жүйесі кітапханаларында атаулы күнге орай жыл сайын кітап көрмелері мен тақырыптық сөрелер қойылатынын айтты. Сонымен қатар, түрлі форматта дөңгелек үстелдер, еске алу кештері ұйымдастырылып, сол жылдардың куәгерлері, қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары кездесуге шақырылып, естеліктерімен бөліседі екен.
– Биыл кітапханаларда «Азалы жылдар естелігі», «Көз жасының ащы естелігі», «Тарихтың қатал шындығы», «Тарихтың қаралы жолдары» көрмелері ұйымдастырылды. Онлайн форматта «Уақыт үкімі: жадқа лайық» еске алу сағаты (№1 кітапхана-филиалы), «ҚарЛаг – халық трагедиясы» (балалар кітапханасы) еске алу лентасы, «Халық жадында сақталады» реквием-кеші (№2 кітапхана-филиалы), орталық кітапханада «А память сердце бережет» еске алу кеші өтті. Біз кітапханашылар осы бағытта ағартушылық, іздестіру жұмыстарын одан әрі жүргізетін боламыз, – дейді Б.Қасымбекқызы.
Ал зұлмат заманды басынан өткізген отбасы ұрпақтары көрген оқиғаларын айтып, қандай азап көргендерін бөлісті. Соның бірі – Лисаков техникалық колледжінің ұстазы Қалия Жұматаева:
– Көбіне жастар жағы отбасы тарихына аса мән бере бермейді. Егер сұрапыл дәуірді жаңаша көзқараспен, түйсікпен қабылдар болса, ұрпақ басқаша болар еді. Мен адамдардың аталары немесе бабалары табылып, қуғын-сүргінге ұшырағанын білгенде, бірақ бұл туралы отбасында айтылмаған көптеген жағдайларды білемін. Отбасыңыздың тарихын білу, есте сақтау өте маңызды, – дейді ол.
Лисаков қаласының тұрғындары Гермина Әбішева, Қарапа Сүйіншәліқызы келер ұрпаққа өз тағдырларынан көрген қиындықтарын айтып, азалы күндерді еске алды.
Қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Мұнан кейін репрессияға ұшыраған және қоныс аударылып, қаланың тұрақты тұрғындарына айналған жандарға сыйлықтар тарту етілді.
Жиын соңында еріктілер мәдениет үйінің алдында «Ұлт жолындағы құрбандар, ашаршылық ақиқаты» акциясын өткізді. Жастар қала тұрғындарына қаракөк ленталар таратты.
Суреттерді түсірген Елена СПОДАРЬ
Лисаков қаласы.