Қандастарды қолдау тетігі
2021 жылдың II тоқсанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «қандастарға» мемлекеттік қызметті бір мезгілде көрсету тетігі іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заңнамаға сәйкес қандастарға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын ерікті түрде қоныс аударуды қолдау шараларын қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуге қандастарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының (2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берілген) «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушыларға және қандастарға солтүстік өңірлерге көшуге берілетін субсидиялар мөлшерін 2 есе – 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтуға қатысты тапсырмасын іске асыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленді», – деді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, тарихи отанына шетелден оралған қандастарға консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстарында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталықтары» (фронт офистер) құрылды.
«Аталған фронт офистер 2020 жылы қандастардың 5 мыңнан астам өтінішін қарады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, «бір терезе» қағидаты бойынша «қандастарға» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі жол картасы іске асырылуда», – деді Үкімет басшысы.
Асқар Маминнің атап өтуінше, осы жылдың II тоқсанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өңірлік квотаға енгізуді, тұрақты тұруға рұқсат алуды және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауды көздейтін «қандастарға» мемлекеттік қызметті бір мезгілде көрсету іске қосылатын болады.
«Бұдан басқа, қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында (Қарағанды, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы) ақпараттық-анықтамалық қызметтер көрсетіледі. Оның ішінде Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері, заңнама негіздері және шағын бизнес ашу бойынша оқыту курстарын өткізу, қандастардың қоғамға бейімделуі мен интеграциясын жеделдетуге ықпал ететін жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі», – деді Премьер-Министр.