Математиктер съезі
2022 жылғы 16 наурызда Қостанай қаласы білім бөлімінің №10 жалпы орта білім беретін мектепте облыстық математика пәні педагогтерінің съезі өтті. Алғаш рет өткізіліп отырған съезді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева ашты. Ол математика пәні педагогтерінің кәсіби біліктілігі мен шеберлігі, оқушылар мен мұғалімдердің жетістігіне тоқтала отырып, математика пәнінің оқытылуына қатысты өңірдегі бірқатар мәселелерді көтеріп,олардың шешу жолдарын ұсынды.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің физика, математика және цифрлық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Ғалия Асканбаева, ЖОО-да математика пәні мұғалімдерін дайындау бағдарламасының мазмұны туралы, математика мамандағын бітірген түлектердің мектепке орналасуы және математика пәні мұғалімдерін дайындауда мектептермен ынтымақтастық бағыттары туралы сөз қозғады.
Қостанай қаласының «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының менеджері, педагогика ғылымдарының магистрі Кенжегүл Сағадиева қазіргі уақытта функционалдық сауаттылық деңгейін дамыту мәселесі мен міндеттері, сондай-ақ оқушылардың қосымша және кәсіптік білім алуына қатысты түйткілдерді көтерді.
«Қостанай дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының ұйымдастыру-көпшілік жұмысы жөніндегі орынбасары Наталья Рябинина өз баяндамасында Қостанай облысы оқушыларына облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік беретін математикалық жарыстар жүйесі бойынша, сонымен қатар дарынды оқушыларды дайындауда назар аударатын бірнеше мәселені тілге тиек етті.
Облыстық Білім басқармасының «Қостанай қаласы білім бөлімінің М.Қозыбаев атындағы №23 жалпы білім беретін мектебі» КММ математика пән мұғалімі Қанат Есенғұлов өз сөзінде математика мұғалімдерінің республикалық съезінде көтерілген өзекті мәселелерді қозғай отырып, облыстағы математиканы оқыту проблемаларына тоқталды. Сондай-ақ, маңызды мәселелердің бір – олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Практик мұғалім математика пәнін оқытудағы туындайтын сұрақтарды шешудің жолдарын да ұсынды.
Съезде мұғалімдер сұрақтарын қойып, проблемаларды көтеретін диолог алаңы құрылды. Пленарлық бөлімнен шыққан мұғалімдер маңызды деген сұрақтарды секциялық жұмыста талқылады.