Бүгінгі психолог қандай?
Қазіргі кезде білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагог-психолог мамандарымыздың біліктілігі мен білімі, қызметі қандай? Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының психолог мамандары түрлі психотехникаларды пайдалана отырып, психологиялық-педагогикалық жағдаяттарды қалай шеше алады, олардың кәсіби құзыреттілігі қай дәрежеде секілді сұрақтарға жауап шешімін "Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен "2014 жылдың үздік психологы" республикалық байқауының облыстық кезеңінен алдық деп айтуымызға болады.

Енді сайысқа келер болсақ, оған мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының психологтары қатысты. Әр психолог өзі-өзін таныструмен қатар зерттеу жобасын, авторлық бағдарламасын ұсынып, психологиялық-педагогикалық жағдайды шешу, көшбасшылық қасиеттерін көрсетті. Әр қатысушының өзіндік ерекшелігі болды. Олар жиналғандарға жаңа технологиялық әдістермен қаруланған жұмыс тәжірибесімен, қызықты жобаларымен, психологиялық-педагогикалық жағдайды оңтайлы шешу іскерліктерімен көзге түсе білді.
Байқаудың қорытындысында Әулиекөл ауданы С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясы мен Лисаков қаласындағы "Ивушка" бөбекжайы педагог-психологтары Д.Жұмабаева, Ф.Бандуровская бас жүлдені жеңіп алды. Олар республикалық байқауында облыс намысын қорғайтын болады.
Гүлназым
САҒИТОВА